Басты Жаңалықтар Министр Дархан Қыдырәлі «Қазақстан» телерадиокопорациясының медиамектебін академия дәрежесіне көтеруді ұсынды

Министр Дархан Қыдырәлі «Қазақстан» телерадиокопорациясының медиамектебін академия дәрежесіне көтеруді ұсынды

Министр Дархан Қыдырәлі «Қазақстан» телерадиокопорациясының медиамектебін академия дәрежесіне көтеруді ұсынды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазақстан» телерадиокорпорациясына келді.

Министр «Qazaqstan», «Abai tv», «Balapan», «Qazsport» телеарналары мен «Қазақ радиоларының» жұмыс барысымен танысып, «Qazaqstan» телеарнасының жаңалықтар қызметінің ұжымымен кездесті.


«Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл 167 сериядан тұратын 15 отандық телехикая түсірді. Оның 5-еуі - тарихи сериал. Министр тарихи тұлғаларды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырып, бұл бағытта тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Сонымен қоса 2022 жылғы 20 қарашада бастап «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетілетін футболдан Әлем чемпионатының трансляциясын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Министр Корпорацияның шығармашылық және техникалық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, отандық контенттің шетелдегі қандастарға кедергісіз жетуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақ радиосын шекаралық мемлекеттерге тарату бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, кездесуде министр Корпорацияның студенттерге арналған медиамектебін академия дәрежесіне көтеруді ұсынды.

Отандық ақпарат кеңістігінде телерадиоарналар жанынан құрылған тұңғыш республикалық медиамектеп жұмысын өткен жылы бастаған болатын. 7 ай мерзім аралығында медиамектепте қазақстандық ЖОО-ның журналистика, кино және телевизия, режиссура факультетінің 30 студенті ақысыз негізде практикалық білім алып шықты.

Медиамектептің мақсаты – жас журналистердің бойына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының, ондағы қызмет атқаратын мамандардың ұлттық телевизия мен радионы дамыту жолындағы құнды тәжірибесін сіңіре отырып, кадрлар сабақтастығын жалғау, еліміздің жоғары оқу орындарының сапалы мамандар даярлау ісіне тәжірибелік тұрғыдан атсалысу, біліммен бөлісу.

Алғашқы кезеңге қатысып, үздік нәтиже көрсеткен 30 студенттің 9-ы Корпорация құрылымдарына қызметке алынды.

«Болашақта медиамектепті академия дәрежесіне көтеріп, тек студенттер емес, аймақтық кадрлардың біліктілігін арттыру орталығына айналдыруға мүмкіндік бар. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы ретінде бұған мамандардың біліктілігі мен техникалық мүмкіндіктеріңіз жоғары», - деді министр Дархан Қыдырәлі.

Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай 2022 жылғы қараша айынан бастап медиамектеп жұмысын жаңаша бағытта қайта жалғастыратынын айтты.

Бөлісу