Абай облысында өрттен бір адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында өрттен бір адам көз жұмды

08.09.2022

Айтидың тілін тапқанымызбен, тілсіз жауды ауыздықтай алмай әлек боп жатқанымыз өкінішті. Абай облысында болған дала өртін сөндіру кезінде төтенше жағдайлар қызметінің бір маманы көз жұмды. Тілсіз жаумен арпалыс барысында денесін күйік шалған ол ауруханада қайтыс болған. Қазір облыстың бірнеше ауданында өрт әлі де жалғасып жатыр. 

Ержан Жақып, тілші:

Қайғылы жағдай Жарма ауданының Божығұр ауылдық округі маңында болған. Өрт сөндіріп жүріп қатты жалынның ішінде үш бірдей төтенше жағдай қызметінің маманы қалып қойған. Олар мінген КАМАЗ көлігі толықтай жанып кеткен. Қауіпсіз жерге шықпақ болған өрт сөндірушілердің денелерін күйік шалған. Салдарынан көлік жүргізушісі Айдос Тоғызбаев жансақтау бөлімінде ауыр жарақаттан көз жұмды.

Манарбек Шапағатов, Абай облысы ТЖД бастығы:
Бөлім командирі, Тұрлыбеков Семей қаласындағы жедел жәрдем станциясына жеткізілді. Қазір ол жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Азаматтық қорғаныс маманы Нұрлановтың денесін күйік шалған.

Ержан Жақып тілші:

Қазір Абай облысының бірнеше ауданында тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Мамандар мен жергілікті тұрғындар Аягөз ауданының Баршатас ауылы маңы мен Абай ауданы Көкбай ауылындағы өртпен арпалысып жатыр. Үржар ауданы төңірегіндегі тілсіз жау да әлі сөнбеген.

ШҚО-да төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Ал Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Малеев ауылдық округінде бірнеше күн бұрын басталған қызыл жалынның беті әлі қайтпаған. 800 гектардай аумақ күлге айналды. Орман өртінен келген шығын 7 миллард теңгеге жуықтайды. Таулы аймақ болғандықтан, қазір өртті толықтай сөндіру мүмкін болмай тұр.


Хабарламаларға жазылу