«Астана Опера» театрының «Жібек жолы» деп аталатын әлемдік турнесі мәресіне жетті. Америкадан бастау алған гастрольдік сапар Нидерланд Корольдігінде қорытындыланды.
Қазақстандық музыканттар Роттердам қаласының театрында өнер көрсетіп, жергілікті тұрғындарды тәнті етті.
«Астана Опера» театрының жарнамасы Роттердам көшелерінің бәрінде ілулі тұр. «Карнеги холл», Торонто мен Бастилия сахналарын бағындырған қазақстандық әртістерді көруге жергілікті тұрғындар да асығыпты.
Бекер емес. Байғали Момбеков пен Дина Хамзина «Абай» операсынан «Тойбастарды» шырқағаны сол еді, залдағы жұрт өре түрегелді.
Сон Санхен, Халықаралық қылмыстық сот президенті:
Шынымды айтсам, қазақстандық әртістер осындай әлемдік деңгейде өнер көрсетеді, деп ойламадым. Мені керемет кештің куәсі болуға шақырған елшіге, қазақ музыкасын танытып, маған ерекше көңіл-күй сыйлаған музыканттарға алғысым шексіз.
Арменияның Халық әртісі әрі «Астана Операның» жетекші солистерінің бірі Барсег Туманян мен еліміздің ең мықты теноры Медет Шотабаевтың концерттің екінші бөлімінде салған әндері де көрерменді еріксіз елітті.
Сопрано дауысты Жұпар Ғабдуллинаның орындауындағы «Аида» операсын залдағылар қосыла шырқады. Қазақтың қобызы мен домбырасының үнін бейнетаспаға жазып, ұлттық киімдегі Біржан мен Сараны көпшілік қайта-қайта суретке түсірді.
Ингрид Калуве, Нидерланд Корольдігі парламенті сенатының депутаты:
Музыканың құдіреттілігі жаныңды тебірентеді. Мен бүгін осы концерттен ерекше ләззат алдым. Театр жас болғанына қарамастан, әртістерінің, музыканттарының кәсіби шеберлігі өте жоғары. Бар-жоғы екі жыл ішінде осындай жетістікке жеткен театрдың болашағы зор болатынына сенемін.
Майнура Мурзамадиева, ҚР Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті Елшісі:
Нидерланд Қазақстанды экономикасы қарқынды дамыған, саяси тұрақты, мәдениеті бай мемлекет ретінде жақсы біледі. Бүгінгі шара голландықтардың сол білімін еселей түсті, деп ойлаймын. Біз екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты одан әрі нығайтуымыз керек. Өйткені, бұл халықтарды бір-біріне жақындастырады, әрі мәдениет әлемінде бейбітшілік пен бірлікті сақтауға көмектеседі.
Рас, қазақтың музыкасы арқылы еуропалықтар ұлттың дәстүрінен, салтынан хабардар болды.
Оркестрдің орындауындағы «Қыз қуу» күйін тыңдау арқылы қазақта осындай ойын бар екенін білді. Талғамы биік көрермен хор мен оркестрге, оның музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдиновтың шеберлігіне тамсанды. Мықты маэстро мен театр ұжымынан голландықтар гүл мен қошаметті аямады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
«Астана Опера» театры ұжымының Америка мен Еуропаға сапары осылайша сәтті аяқталды. Әртістер 15 күн ішінде әлемнің 5 қаласының ірі театр сахналарында өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе жинақтады. Елдің абыройын асқақтатты. Ал, шетелдіктер Қазақстанды жаңа қырынан таныды. Олардың бас қала - Астанаға деген қызығушылықтары артты. Демек, басты мақсат орындалды.
Нұрсұлу ҚАСЫМ