Абай облысының бес бірдей ауданында дала өрті тұтанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының бес бірдей ауданында дала өрті тұтанды

08.09.2022

Аймақтағы өрт сөндірушілер екі күннен бері тілсіз жаумен күресіп жатыр. Жалын негізінен жайылым мен шабындық жерлерді шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен қатар тұрғындар да өртті ауыздықтауға күш салуда.

Ержан Жақып, тілші:

Кешелі бері бірнеше ауданда дала өрті басылмай тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, Үржар, Ақсуат, Жарма, Абай және Бесқарағай аудандарында ірі өрт ошақтары тіркелген. Кейбір жерлердің таулы-қыратты болуына орай оны сөндіру қиындық туғызып тұр. Оның үстіне екпінді жел де тілсіз жаумен күреске кедергі келтіріп отыр. Ең ірі өрт ошақтары Үржар мен Абай аудандарында тіркелген. Яғни Үржар ауданында 5 мың гектардан астам, Абай ауданында 1 мың гектарға жуық жер жанып кеткен.

Манарбек Шапағатов, Абай облысы ТЖД бастығы:

Кеше қатты түтіннің салдарынан республикалық маңызы бар тас жол жабылып қалды. Өрттің осылайша бір мезетте бірнеше ауданда тұтануы күнің 37-38 градусқа дейін күр ысып кетуі себеп болып отыр. Оның үстіне қатты желдің кесірінн тез тарады.

Соңғы ақпараттарға сәйкес өрт болған аудандардың бірқатарында қызыл жалын сөндірілген. Кейбірінде оқшауланған. Үржар ауданында тілсіз жау әлі ырық берер емес. Ол жаққа Павлодар облысының құтқарушылары көмекке аттанды. Өрттің салдарынан қатты зардап шеккен шаруалар бар. Абай ауданындағы көптеген қожалық шабындықсыз, жайлымсыз қалған. Тіпті қысқа дайындаған мал азығы түгелдей жанып кеткен қыстаулар да бар. Қанша шығын келгені әзірге белгісіз.

Е.Жақып, С.Нұртаза

Хабарламаларға жазылу