Елордада әйелдердің саяси қызметтегі белсенділігін дамытуға бағытталған «Томирис» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасы өтіп жатыр. Жобаға елдің әр өңірінде қоғамдық шараларда, саясатта көш бастап жүрген 30 әйел іріктелді. Олар қыркүйектің тоғызына дейін әртүрлі тақырыпта өтетін оқыту бағдарламасына қатысады. Елімізде жалпы халықтың 52 пайызы - әйелдер. Дегенмен саяси-мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 30 пайызға жетпейді. «Аманат» партиясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесе ұйымдастырған жобаның негізгі идеясы – биліктегі әйелдердің үлесін арттыру, көшбасшылыққа үйрету. 5 күндік бағдарлама аясында түрлі тақырыпта дәріс тыңдайды, одан бөлек саясаткерлермен, атқарушы билік өкілдерімен кездеседі.
Айдана Сыдықова, «Dana Foundation» қоғамдық бірлестігінің төрайымы /Алматы/
Бүгін оқу бағдарламасының үшінші күні. Трансформациялық көшбасшылық, жобаларды басқару, эмоциналды интеллект жайында көптеген білімдермен толығып жатырмыз. Болашақта басқару жүйесінде осы білімдер өзінің көп жемісін береді деп сенеміз.