Аманқарағайлықтарға көлемі 100 шаршы метр болатын баспана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аманқарағайлықтарға көлемі 100 шаршы метр болатын баспана салынады

05.09.2022

Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты. Өрттен ең қатты зардап шеккен ауыл – осы Аманқарағай елдімекені. Облыс бойынша 108 нысан өртенсе, оның 91-і баспана. 85 үй Аманқарағай, алтауы Озерное ауылына тиесілі. Техникалық сараптама қорытындысы бойынша мұндағы бүкіл үй тұруға жарамсыз. Үй салу үшін Әулиекөл ауылынан жер телімі белгіленді. Ауданы 100 шаршы метр болатын бір қабатты тұрғын үйлер салынбақ. Әулиекөл ауылы инфрақұрылымы дайын аудан орталығы. Ауылда әлеуметтік нысандар бар. Жергілікті мердігерлерді тарта отырып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Оны шамамен екі айдың ішінде аяқтау міндеті қойылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жоюға қажетті қаражат бөлінді. Сондай-ақ Қостанай облысының тұрғындары тегін ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз етілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық байланыс операторларымен келісім жасап, кедергісіз байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Хабарламаларға жазылу