Шымкент жұртшылығы Қостанай тұрғындарына гуманитарлық көмек жинауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент жұртшылығы Қостанай тұрғындарына гуманитарлық көмек жинауға кірісті

05.09.2022

«Ағайынның басына түскен ауыртпалықты көп боп жұмыла көтеру ұлтымызға тән қасиет». Осылай деген Шымкент жұртшылығы өрттен зардап шеккен Қостанай тұрғындарына гуманитарлық көмек жинауға кірісті.

Қызыл жалыннан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін «Аманат» партиясы «Жастар рухы» қатарынан еріктілер тобы жасақталып, қажетті заттар жиналып жатыр. Қайырымды іске қолдау білдірген шаһар жұртшылығы кешеден бері арнайы құрылған штабқа киім-кешек пен азық-түлік тапсырып жатыр. Сондай-ақ бұл іске ірі кәсіпорындар, өндіріс ошақтары мен түрлі мекемелер де атсалысуда. Олар үй жайсыз қалған отбасылар үшін 60 тонна көмек жібермек. Жиналған заттардың ішінде азық-түлік, киім-кешектен бөлек, көрпе төсек, гигиеналық заттар мен құрылыс бұйымдары да бар. Гуманитарлық көмек тиелген автокөліктер бүгін кешкісін жолға шығуға қам жасап жатыр.

Жанар Бектаева, «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

Мәслихат депутаттары, басқа да партия өкілдері, кәсіпкерлер, қарапайым халық ат салысып жатыр. Қажеттілікке байланысты бұл пункттер жұмыс істей береді. Қосымша жанынан тағы да жолдайтын боламыз.

Бұл істен шымкенттік жастар да шет қалмады. Жастар ресурстық орталығы жанынан гуманитарлық көмек жинау орталығы ашылған. Жалпы, Қостанай жұртшылығына көмек беруге еліміздің барлық өңірлері тізе қосып жатыр. Осындай игілікті іс Ақмола облысында да жүрзілген екен.

Хабарламаларға жазылу