Басты Жаңалықтар Атыраудан Қостанай облысына 30 тонна жүк жіберілді

Атыраудан Қостанай облысына 30 тонна жүк жіберілді

Атыраулықтар Қостанай халқына арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін жөнелтті. Өңір халқы игі іске белсенділік танытып жатыр.

Әзірге өңірде жылу жинайтын 3 пункт ашылды. Арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар волонтерлік топ жасақталды. Тұрғындар мен кәсіпкерлер кеше таңнан бері белсенділік танытып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға түнде бас-аяғы 30 тонна гуманитарлық көмек 10 жүк көлігіне тиеліп, жіберілді. Амандық болса батыстан шыққан қайырымдылық керуені діттеген жерге бүгін жетуі тиіс.

Қаршыға Жауынбаев, қалалық мәслихат депутаты:

Халық та, бүкіл кәсіпкерлер де өз нәпақасынан бөліп қостанайлықтарға көмектесіп жатыр. Әлде де көмектесеміз. Қазақтар әрқашан да бір-бірімізге көмектескен халықпыз ғой. Ауызбіршілікте болайық.

Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды. Тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты да ашылды. Белсенділер бір-екі күнде тағы 20 жүк көлігі жолға шығады деп отыр. Мешіттерде де өз алдына бөлек пункт ашылған. Қазір 7 аудандық мешіт пен қаладағы 3 Алла үйі тұрғындардан жылу қабылдап жатыр.


Бөлісу