Балалар апатты мектепте оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар апатты мектепте оқуға мәжбүр

31.08.2022

Оқушылар жаңа оқу жылын апатты мектепте бастауға мәжбүр. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылының тұрғындары балаларымыздың өміріне қауіп төнуі мүмкін деп дабыл қағуда. Білім ошағы ғимаратының қабырғалары қақырап, едені шөге бастаған. Осыдан 3 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген оқу ордасын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес те көріп қайтты.

Бұл 600-ден астам оқушы білім алатын мектеп ғимаратының қазіргі жай-күйі. Ішіне кірсең, нысан үстіңе құлап кете ме деген үрей билейді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ғимараттың едені шөге бастағанынан, міне, мынадай 7-8 см болатын жарықтар пайда болған. Қауіптенген мектеп басшылығы биыл қаңтар айынан бастап мектептің бірінші қабатын толықтай жабуға мәжбүр болған.

Ал оқушылар мектептің үстіңгі қабаттарында білімін жалғастырған.

Назигүл Ахмедсейітова, мектеп директорының орынбасары:
Түгел мұғалімдер, директор, меңгерушілер барлығымыз екінші қабатқа көштік. Қазір көріп тұрсыздар бос.

Дәулет ауылындағы жалғыз мектептің жағдайы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр. Тіпті, балаларын сабаққа жібермейміз дейтіндері де бар. Ал кейбірі ұл-қызын басқа білім ошағына ауыстыруды ойлап отыр.

Бақыт Арқабаева, ауыл тұрғыны:
Жөндеу жұмысын жасап берсін. Бізге балаларымыздың қауіпсіз жерде білім алғаны керек.

Десе де, барлығының бірдей балаларын басқа мектепке ауыстыруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан амандығын тілеуден басқа амалымыз жоқ дейді шарасыз күйге түскен ата-аналар.

Салтанат Отарбаева, ауыл тұрғыны:
Енді не істейміз?! Мектепке жібереміз. Оқымаса болмайды. Мектепте алған білім мен үйде алған білімнің айырмасы жер мен көктей. Сондықтан баламызды аллаға аманаттап мектепке жібереміз.

«2 млрд теңгеге жуық қаржыға салынған мектеп ғимаратының бұзылуына жер асты сулары себеп»,- дейді Талғар аудандық білім бөлімінің мамандары. Ал ата-аналар тапсырыс беруші мен мердігер компания өкілдері осы жайтты неге ескермеді деп ашынып отыр. Ал апатты мектепті көрген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жөндеу жұмысын тез арада қолға алу қажеттігін тапсырды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 328 млн теңге бөлінген.

Ләззат Құрманбаева, аудандық Білім бөлімі басшысының орынбасары:
Бірінші және екінші қабаттың бөлмелерінің жарамдылығы бойынша қорытындыны алдық. Ғимарат оқушының өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бірінші қабатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіле береді. Екінші, үшінші қабатында оқу процесі жалғасады.

Десе де, ата-аналардың көңілі күпті. Олар балаларының білім алуына кедергілер бола ма деп алаңдайды. Себебі, үш ай демалыста жүрмеген жөндеу жұмыстары енді қыза түседі.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу