Солтүстік Қазақстан облысында мал өсірушілердің слеті өтті. Республикалық жиында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ге тарта ауыл шаруашылығы саласының маман бас қосты.
3 жасар бұқаның салмағы – 1 тонна. Аукционда ол 2 миллион 250 мың теңгеге сатылды. Көрмеде шаруалар асыл тұқымды мал мен өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Саланың үздік мамандары марапатталып, спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Ерлан Ілиясов, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаменті директорының м.а:
Мал шаруашылығын өркендету, дамыту, заманауи технологияларды таныстыру, мал шаруашылығының статусын көтеру, осы жұмысты, ата кәсіпті одан әрі насихаттау – басты мақсат.
Қазақстанда 10 миллион бас ірі қара тіркелген. Соның 1 милионнан астамы – асылтұқымды. 23 миллион қой, 4 миллион жылқы бағылады. Мақсат – мал шаруашылығын одан әрі дамытып, төрт-түліктің санын арттыру. Былтыр алғаш рет Жамбыл облысында ұйымдастырылған шара биыл теріскейде жалғасын тапты. Өңірде ауыл шаруашылығы саласында серпін бар. Соңғы 4 жылда 22 ферма ашылды. 2026 жылға дейін олардың саны 52-ге жетпек.
Иван Зенченко, шаруашылық жетекшісі:
Тәулігіне 25 тонна сүт өндіреміз. Бір сиыр 33 литр ақ береді. Бастысы күтімі жақсы болуы керек. Қазір мұндай көрсеткіштерге ешкім таң қалмайды. Ауыл шаруашылығы саласы тың технологияларды қолданысқа енгізуде.