Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия алаңында әйелдердің цифрлық экономикадағы мүмкіндіктерін дамыту және әйелдер мен балалар үшін әлеуметтік маңызы бар IT-жобаларды практикаға енгізу мәселелері пысықталды. Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева осы саладағы межелеген міндеттерді орындау маңызды дейді.
Аида Балаева, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасы:
Бұл жұмыстың басты басымдықтары - серіктестік үшін жағдайларды кеңейту, құнды таланттарды анықтау және әйелдер бастамаларының экономикалық және әлеуметтік әлеуетін іске асыруға жәрдемдесу. Бұл кездесу - осы мәселелерді шешудегі кезекті қадам.
Екінші сессия аясында қоғамдық маңызы бар түрлі мәселелерді шешуге және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жобалар таныстырылды. Соның ішінде, онлайн-білім беруді кеңейту, педагогтардың біліктілігін арттыру және мектептерді цифрландыру, жастарды тәрбиелеу мәселелері қамтылды. Сондай-ақ онкологиялық ауруларды анықтау және жүктілік пен босану кезінде әйелдерді онлайн-қолдау бойынша идеялар ұсынылды.