Талдықорғандық ата-аналар тегін берілетін мектеп формасының сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандық ата-аналар тегін берілетін мектеп формасының сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді

10.08.2022

Талдықорғанда ата-аналар оқушыларға тегін берілетін мектеп формасының сапасына көңілдері толмайтынын айтты. Сондықтан көмектің ақшалай берілуін талап еткен көпшілік қала әкімдігінің алдына жиналды. Ата-аналар жалпы білім беру қорының алып беретін киімдері көбіне сапасыз және балаға дәл болмай шығады дейді. Ал жоғары сынып оқушысына бастауыш сыныптағы баланың сөмкесі мен жабдықтарын үлестіретіні мүлдем ақылға сыймайтынын алға тартады.

Әйгерім Самажанова, көпбалалы ана:

Былтыр 27 мыңнан әр балаға түсті. Біз мектептің есігін де ашқан жоқпыз. Барған да жоқпыз. Биыл да солай түскенін қалаймыз, ақшалай түскенін. Мысалы мектепке керекті заттарын әр баланың өзінің қалауымен алып бергіміз келеді. Әр бала өзі киіп көріп, өзіне дәл киім алғысы келеді.

Ал қалалық білім бөліміндегілер мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету туралы заң әлі күшіне енбегенін айтады. Биыл 115 млн теңгеге 4 600 –ден астам оқушы формасына тапсырыс беріліп қойған. Қазір әр мектепке оқу формалары мен сөмкелер таратылып жатыр. Мұнан бөлек «Мектепке жол» акциясы аясында қала мекемелері мен жеке кәсіпкерлерден де қолдау көрсетіле бастаған.

Ұлжан Жақыбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

Тендерді ұтып алған компания мектеп формасын бізге көрсетеді. Ата-аналарды шақыртамыз. Ол мектеп формасын алмас бұрын балалардан размерін аламыз. Сол размермен порталға беріледі. Сол размері бойынша әкеледі. Егер ата-аналарға ұнамаса поставщикке қайтадан қайтарылып беріледі, де 10 күннің ішінде қайтадан ауыстырып алып келеді.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу