Украинаның Запорожье атом электр станциясы артиллериялық шабуылға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Запорожье атом электр станциясы артиллериялық шабуылға ұшырады

08.08.2022

Еуропаға тағы бір Чернобыль апаты тәрізді ядролық қауіп төніп тұр. Украинаның Запорожье атом электр станциясы артиллериялық шабуылға ұшырады. Бұл оқиға үшін қазір Мәскеу мен Киев бір-бірін айыптап отыр. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы мұндай нысанға снаряд жаудырудың өзіне-өзі қол жұмсаумен тең екенін ескертті.

Украинаның Энергодар қаласы маңындағы Запорожье Атом электр станциясы артиллериялық шабуылға ұшырады. Алайда, «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Еуропадағы алып ядролық кешен қазір жұмыс істеп тұр.

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерреш Токиоға сапарында осы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қауіпті нысанға оқ жаудыруды суицидке теңеді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Ядролық станцияға жасалған кез келген - шабуыл өзін-өзі өлтірумен тең. Бұндай әрекеттер тоқтап, АЭС-ке МАГАТЭ өкілдерінің кіруіне мүмкіндік жасалады деп үміттенемін.

Қазір Ресей армиясы да, Украина да осы шабуыл үшін бір-бірін айыптап отыр.

Ресей жауынгерлері бұл станцияны наурызда басып алған. Киевтің мәлімдеуінше, ресейліктер шілденің ортасында оның аумағынан және маңынан Украина әскеріне снаряд жаудыра бастады. Қарсы жақ болса, радиацияның тарауынан қауіптеніп, ресейліктерге жауап бере алмай отыр. Ал, Президент Владимир Зеленский Ресейді «ядролық терроризм» үшін айыптады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бүгін басқыншылар Еуропада өте қауіпті жағдай туғызды. Олар Запорожье АЭС-ін атқылап, мұндай әрекетке күніне екі рет барып отыр. Бұл - біздің құрлықтағы ең үлкен атом станциясы. Ал, оны атқылау қылмыс әрі террористік акт.

Бұны жоққа шығарған Кремльдің мәлімдеуінше, Украина армиясы дүркіндетіп ататын зымыран тасығышпен АСЭ-ке және әкімшілік ғимараттарға снаряд жаудырған.

Ол шабуылдан станциядағы екі жоғары вольтты электр желісі мен су құбырын зақымдағанымен, маңызды инфрақұрылым зардап шекпепті.

Запорожье АЭС-і төңірегіндегі жағдай қазір бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ал, осы станция маңында тұратын халықтың сөзінше, Украина мен ресейшіл күштер арасындағы шайқас аймақты 1986 жылғы Чернобыль апатына тағы да душар етуі ықтимал.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу