ШҚО тұрғындары доңыз өсіретін кешен салуға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО тұрғындары доңыз өсіретін кешен салуға қарсы

03.08.2022

Борсақ ауылы маңынан доңыз өсіретін кешен салу бойынша Ұлан ауданы әкімдігінің өкілдері бұған дейін де тұрғындармен бірнеше рет кездесу өткізген. Нақты келісімге келе алмаған. Бүгін аудан әкіміне мәселені төтесінен қойды.

Ауыл тұрғындары бірнеше жүз мың талпақ танау өсіретін кешен салынса, жер -су, ауа ластана ма, деп үрейленіп отыр.

Марат Кәметжанов, Ұлан ауданының тұрғыны:

Біздің жерімізді, суымызыды бұығайды да кетеді. Біреуі бір келіп қи тастайтын болса,пәленбай тонна қи тастайды. Оны қайда жібересің фабриканың қасынан өтеміз. Сасық әзер өтеміз.

Орынбек Шәріпов, Борсақ ауылының тұрғыны:

Неге жерді берді? Тартып ала алмайды ғой. Заңда жоқ тартып алу деген. Сол себептен бұл жобаға қарсымын.

Доңыз өсіретін кешенді салу үшін аудан әкімдігі осы ауылдағы бір шаруа қожалықтың 80 гектар жерін алып қойған. Қоғамдық тыңдауда ауылдастары кәсіпкерді де сұрақтың астына алды.

Мырзахан Сүлейменов, шаруашылық жетекшісі:

Аудан әкімі шақырып алды. Содан кейін түсіндіріп айтты. Шошқа фермасын саламыз деп. Мен айттым жерді бермеймін деп. Жер өзіме керек. Анау жер шабындық. Бермесең де, берсең де саламыз ол жерге, деді. Алып қойды. Картамен сызып алды. Сол жерде жер қатынастарының өкілдері отырды.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарына жобаның экономикалық тиімділігін айтып, барлық экологиялық талапқа сай келетін түсіндіруге тырысты.

Ринат Құрмамбаев, Ұлан ауданының әкімі:

Енді былтырғы шілдеден бастап, жаңа экологиялық кодекс күшіне енген. Қазір ең бірінші жобалық құжатнама әзірленуде. Табиғатқа зиянын келтіріп отырған жоқ. Одан қорқатын ештеңе жоқ.

Инвесторлардың сөзіне сенсек Орталық Азияда мұндай кешен жоқ. Бұл орын толығымен жабық болады. Лас қалдықтың бәрі сол жерде өңделіп, тыңайтқыш ретінде шаруаларға берілмек. Жоба жүзеге асса 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Андрей Чистюхин, жоба жетекшісі:

Кешеннің өзі елдімекеннен 3-5 шақырым алыста салынады. Арнайы санитарлық аймақ болып есетпеледі. Толық қоршалады. Ең негізгі экономикалық тиімділігінде. Тек бір кешеннен жылына ауданға 20 миллион салық түседі.

Тұрғындар қоғамдық тыңдауда бұл жобаға қарсы екенін ашық айтты. Есесіне мал бордақылау кешені салынса қолдайтындарын жеткізді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу