Түркістан облысында қорғауға алынған аймақта құрылыс жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қорғауға алынған аймақта құрылыс жүріп жатыр

01.08.2022

Тұрсын мен Барақ хандар билік құрған Иқан қалашығының қорғаулы аймағы жекенің қолына өтіп кеткен. Көне тарихтан сыр шертетін аумақ мемлекеттің қорғауында болғандықтан онда ешқандай ғимарат салуға рұқсат берілмейді. Алайда бұл ережені жергілікті кәсіпкерлер құлағына да қыстырмады дейді наразы топ. Өңірдегі тілшіміз мәселені анықтады.

Бүгінде төбешікке айналған Иқан қалашығының аумағы 6 гектар. Биіктігі 6-7 метр. Тарихи деректерде ұлы Жібек жолының бір тармағы саналатын қалашық мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Алайда соңғы жылдары құрығы ұзын кәсіпкер бұл жерлерді қарамағына алып, заңсыз құрылыс сала бастапты. Пысықай азаматтың іс әрекеті ауыл тұрғындарының да наразылығын туғызып отыр.

Беглархон Тәжіметов, Ескі Иқан ауылының тұрғыны:

Мұның тұрған ішінде ескі жатқан арабша жазылған тастар бар еді. Бұзылған үйлер бар еді. Бұзылған сарайлар бар еді. Соның бәрін тегістеп, біздіңғ мұрамызды, біздің екі мың жылдық тарихымызды аяқасты етіп жатыр.

Кәсіпкердің жұмысын тіпті ауыл әкімі де тоқтата алмағанын айтады. Ескертуді елемеген азамат қазір қорғаулы аймақты қоршап, сауда орнын ашпақ көрінеді.

Дилшод Саидов, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі:

Акт жасадық, иесіне ескерту бердік. Оның құрылыс жүргізіп жасап жатқан аумақ мемлекет тарапынан қорғауға алынғанын ескерттік. Яғни бұл бойынша өзімізден жоғары тұрған мекемелерді хабардар еттік.

Кәсіпкердің өзінен сұқбат алу мүмкін болмады. Ал, археологтар Иқан қалашығы зерттеу жұмыстары екі рет жүргізілгенін алға тартады. Ең алғаш 1947 жылы оңтүстік қазақстан археологиялық эскпедициясы қазба жұмыстарын жүргізсе, одан кейін 1999 жылы түркістан археологиялық экспедициясы екінші рет зерттеген. Қазба жұмыстарының басы қасында болған археолог Марат Тұяқбаев тарихи ескерткіштер туралы заңның бірнеше рет өзгертілуіне байланысты бұл қалашықты сақтап қалу қиынға соғып отырғанын айтады.

Марат Тұяқбаев, тарихшы-археолог:

Бұл орта ғасырлық қалаларыдың ең төменгі шекарасынан биік төбе ғой бұл, содан сыртқа қарай 50 метр жердің барлығы сол қаланың қорғау аумағы деп есептелінеді. Ол жерге ешкім ғимарат салуға, қазуға, егіс егуге рұқсат жоқ. Осы заңды біз 30 жыл бойы айқасып, істете алмай қойдық. Тіпті 40 жыл болды.

Өңірдің Мәдениет басқармасы мамандары кәсіпкерге құрылысты тез арада тоқтату жөнінде ескерту бергенімен нәтиже жоқ. Оның іс әрекетінің заңдылығын анықтау үшін енді облыстық прокуратураға арыз түсірдік деп отыр.

Заңғар Байғазы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

Ескі Иқан қалашығы облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 2020-шы жылғы қаулысына сәйкес жергілікті тарихи мәдени орындщар тізіміне алынған. Біз сол акті негізінде облыстық прокуратураға хат жолдаған болатынбыз. Тиісті шара қолдану бойынша.

Ал қадағалау орган өкілдері облыстық сәулет және құрылыс басқармасына ұсыныс хат жолдағанымен, ондағылар кәсіпкердің әрекетін заңды деп тапқан. Яғни құжаттарын зерделей келе мемлекеттік тіркеуге алынған деп жауап қайтарған. Дегенмен, бұл құжаттардың заңдылығын енді Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қарауына алды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу