Алматыда 350 пәтерлік тұрғын үй кешені бұзылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 350 пәтерлік тұрғын үй кешені бұзылады

27.07.2022

Алматыда 350 пәтерлік тұрғын үй кешені бұзылады. Бұл туралы қала құрылысы бақылау бөлімінің мамандары хабарлады. Олардың айтуынша, баспана заңсыз салынған. Мәселеге қатысты сот үкімі де шыққан. Ал, мердігер компания өкілдері бұл шеміммен келіспейді. Салымшылар болса пәтерсіз қаламыз деп дабыл қағуда. 

Гүлнар Ташалова былтыр қараша айында іргесі қалана бастаған тұрғын үйге ақшасын салған. Пәтер жағалаудан шаршаған азаматша екі бөлмелі баспана үшін 20 млн теңге төлегенін айтады. Күйеуі мүгедек болған соң үш ұлын өзі жалғыз асырап отыр. Енді үйлі болдым дегенде оның бұзылатынын естіп төбемнен жай түскендей болды, дейді.

Гүлнар Ташалова, қала тұрғыны:

Тек кіру ғана, кілтін алу ғана қалды бізге. Қалған заттары, ұсақ-түйектерін жасайды болды. Қаншама көршілеріміз де күтіп жүр. Бір жылдан аса уақыт күтіп жүргендер де бар. Заң бойынша негізі бәрі дұрыс. Норматив бойынша салынған үй.

Арнамызға басқа да салымшылар хабарласып, арыз-шағымдарын жеткізді.

Орынгүл Асқарова, қала тұрғыны:

Егер сүретін болса барлық жауапты мекемені сотқа береміз. Жоғарғы сот бар ма бәрін... Біз үйіміздің бір сантиметрін бұзуға рұқсат бермейміз.

Ал, Наурызбай ауданы қала құрылысы бақылау бөлімінің мамандары Ақжар шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің сметалық құжаттары сараптамадан өтпегенін айтады.

Медет Рабаев, Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы:

Осы нысан бойынша эксиздік жобасы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасында келісілмегені анықталды. Осыған сәйкес әкімшілікпен шара қолданылып, заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс берілген болатын. Қазіргі уақытта соттың шешімі шықты. Заңсыз екені және бұзылуы жөнінде.

Құрылыс жүріп жатқан учаске осыдан бірнеше жыл бұрын бұғатта жатқан. Барлық айыппұлдары мен жер иелерінің ақыларын төледік және соңына дейін күресіп, үйдің бұзылуына жол бермейміз, дейді олар.

Серік Кәпетов, Мердігер компанияның бас директоры:

Бұл әкімдік тарапынан асығыс айтылған пікір. Ешқандай да үй бұзылмайды. Соттың үкімі заңсыз. Біз құжаттарымызды реттеп қойдық, қалаған кезде келіп, тексерулеріңізге болады. Бүгінге дейін 2 млрд теңгеге жуық ақша салдық құрылысқа. Сотқа аппеляция береміз.

Айта кету керек, жыл басынан Алматыда заңсыз салынып жатқан 36 нысан анықталған.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу