Шымкентте аграрлық өнімдерді шетке саудалау екі есе артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте аграрлық өнімдерді шетке саудалау екі есе артады

13.07.2022

Шымкент елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттайтын ірі орталыққа айналды. Мегаполис жыл басынан бері өзге мемлекеттерге 93 миллион доллардың тауарын сатқан. Ол былтырғы жылдан 30 пайызға көп. Оның 70 пайызға жуығы терең өңдеуден өтіп, өзіндік құны жоғарылаған заттар.

Мына шағын цехта күніне 25 тонна сүт өңделеді. Сүзбе, ірімшік секілді дайын өнім әзірленеді. Төңіректегі ауылдарда тұратындар сауған сүтін осында өткізеді. Кәсіп иесі ауылдастарына әрі жұмыс та тауып беріп отыр.

Рамазан Сатаев, зауыттың атқарушы директоры:

Сапасы мықты, сұраныс жақсы. Қазір обьемды көбейтіп жатырмыз. Жазда сүт көп болғандықтан адамдар қабылдап, 20-ға дейін адам жұмыс істейді.

Ал экспорттық тауарлардың ішінде ұн және одан жасалған өнімдердің үлес салмағы басым. Қалада орналасқан бір ғана макарон фабрикасының өзі тәулігіне 100 тоннадан астам өнім шығарды. Отандық тауар Ресей, Грузия, Қырғызстан мен Өзбекстанға жіберіледі.

Ғабит Әшірбаев, фабрика директорының өнідіріс ісі бойынша орынбасары:

Шығарылған өнімнің 30-40 пайызы шетелге кетеді. Ал қалғаны өзімізде, Қазақстанда сатылады. Жақын арада егер бағалары келісілсе Қытайға, Ауғанстанға да шығады.

Мегаполисте биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының құрылысы басталды. Мұнда шет ел инвесторларымен бірлесіп сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру ойластырылуда. Сондай-ақ биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі іске қосылатын болады.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

Қазіргі таңда ниет білдірген 6 жоба бар. Қазір инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл екі жобаның құрылысы басталады. Олар ет өңдеу, яғни шұжық шығаратын үлкен кәсіпорын, екіншісі көкөністі өңдейтін.

Жоспар бойынша алғашқы кезеңде индустриялды аймақта құны 9 миллиард теңгеге жуық жобалар жүзеге асады. Оның нәтижесінде, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе артпақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу