Елімізде жыл басынан бері 100-ден аса адам суға кетіп, көз жұмған. Оның 42-сі кәмелет жасына толмағандар. Төтенше жағдайдың алдына алу үшін, республика бойынша 50 мыңнан аса маман жұмылдырылған. Бірақ ескертуге құлақ аспай, тыйым салынған жерде шомылатындар азаймай тұр.
Қарағанды облысында автокөлік суға батып кетіп, екі адам көз жұмды. Куәгерлер құтқарушылар келгенше көлікті өздері шығармақ болған. Полицияның мәліметінше,«Audi-80» көлігінің 56 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан 70 және 56 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қайтыс болған. Жүргізушінің өзі ауруханада жатыр.
Aл,Оралда Ағайынды екі жігіт шомыламыз деп ажал құшты. төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1991-ші және 2003-ші жылы туған азаматтар рұқсат етілмеген жерге суға түскен. Құтқарушылар олардың денелерін судан алып шықты.
Ал, Ақтөбе облысы Алға ауданында 6 жасар бала көз жұмды. Ол ауылдан 2 шақырым жердегі Тамды өзеніне суға түскен. Ата-ананың қарауынсыз қалған бүлдіршін, тиым салынған жерге шомылған. Ал құтқарушылар оның денесін 2,5 метр тереңдіктен алып шықты.Айта кетейік бұған дейін Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында бірін-бірі құтқарамын деп 3 жасөспірім суға кетіп қайтыс болған еді.
Ал Қызылордада бассейнге батып кеткен 10 жастағы жасөспірімді ауыр хәлде жатыр. Оны аквапарк құтқарушылары шығарып үлгергенімен, қазір дәрігерлер өмірі үшін күресіп жатыр. Жалпы облыста жыл басынан бері 21 адам суға кетіп, қаза тапты. Соның жетеуі жасөспірім.