Түркістан облысында 48 мың жыл бұрынғы тас құралдар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 48 мың жыл бұрынғы тас құралдар табылды

05.07.2022

Еліміздің археологтары сенсациялық жаңалық ашты. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы аумағындағы Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 48 мың жыл бұрынғы жәдігерлер табылды. Бұл дерек топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі негізінде Германиядағы зертханада дәлелін тапты.

Қазба жұмысы кезінде табылған жәдігерлердің бірі осындай тас құралдары. Жону және қыру үшін пайдаланған заттар кварц секілді берік тастардан әзірленген. Археологтардың болжамынша оны іргеде ағып жатқан өзен табанынан теріп алған болуы мүмкін.

Абай Нәмен, археолог:

Өздеріңіз көргендей үшкірлеу болады, мына жағында платформасы, мына жағында шрамы көрініп тұр. Қырған, тері басқа да материалдарды. Көп жағдайда ағаш саптары сақталмайды. Өйткені ол органика ғой. Жыл өткен сайын шіріп кетеді.

Тұттыбұлақ үңгірі кіші Қаратаудың етегінде. Бүгінде бұл аумақ «Сырдария-Түркістан» табиғи паркінің қорғау аймағына кіреді. Қазба жұмыстары кезінде былтыр адамның жақ сүйегі табылған болатын. Ал биыл бас сүйектерінің бөліктері шықты. Археологтар бұл алғашқы қауымдық құрылыста тіршілік еткен адамдардыкі болуы мүмкін дейді.

Жәкен Таймағанбетов, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Қырғыш бар, жаңқа бар және күлдің қалдықтары табылды. үңгірде ошақ бар. Сол күлдің қалдығымен лаборатория дәлелдеп берді. 48 мың жыл бұрын осы жерде адамдар өмір сүрген. Біз одан да әрі қарай қазып жатырмыз.

Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін қазақстандық ғалымдар 41мың жыл бұрынғы дүние деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама оның нәтижесін тағы 3 мың жылға ұзартты. Қазба жұмыстары Германия, Ресей және Жапония мамандарымен бірлесіп жүргізілуде.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Археологтар 5 жылда тарихтың бірнеше қабатын ашып үлгерді. Орта ғасырлық кезең, ерте темір және қола дәуіріне жататын жәдігерлер табылуда. Ал тас дәуіріне жету үшін әлі бір жарым метрдей тереңдей түсу қажет.

Палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатындағы экспедиция Тұттыбұлақтан өзге де тарихи орындарды зерттеуге кіріскен. Олар 2017 жылдан бері Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз болған 85 үңгірді тапты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу