Жауапкершілік жоқ: Жолаушылар ұшақтардың жиі кешігетініне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жауапкершілік жоқ: Жолаушылар ұшақтардың жиі кешігетініне наразы

30.06.2022

Елдегі әуе компанияларына сенім жоқ. Өткен аптада Анталияға 26 сағат бойы ұша алмаған жолаушылар осындай тоқтамға келген. Рейсті орындайтын "Air Astana-ның" өкілдері ештеңені түсіндірмеді деп ашулы. Қазақстандағы кешігу аздай, бұл жағдай Анталияда да қайталанған. Демалысымыздың шырқын бұзды деген жұрт енді әуе компаниясынан өтемақы талап етпекші. Сондай-ақ, қазақтандықтар ел ішіндегі рейстерде кешігудің көп болатынын айтады. Неге көрсетілетін қызметтердің сапасы бағасына сай емес? 

Алматының әуежайында Анталияға сапарын бір тәулік бойы күткендердің бірі - Жанар Жамбылова. 18-маусым күні таңертең орындалу тиіс рейс себепсіз сағат сайын кешіктірілгенін айтады. Күннің ыстығында әбден қиналдық, дейді. Жолаушылардың арасында егде жастағы адамдар мен мүгедектер де болған. Саяхаты басталмай тұрып шығынға батқан.

Жанар Жамбылова, Алматы қаласының тұрғыны:

Алтыдан сегізге дейін ауыстырды. Сосын сағат кешкі сегізде бортқа отырғызу басталды деп хабарлады. Біз күтіп тұрдық, бір кезде келесі күні 19-на ұшасыңдар деген хабарлама берді. Көп адамдар қонақ үй жалдады. Тәулікке үлкен сумма кетті. Біз арыз жаздық сайтына, ешқандай хабар жоқ. Біз күтіп отырмыз ешкім хабарласпады.

Қазір осы рейстің жолаушылары әлеуметтік желіден чат ашып алған. Барлығының талабы қалай да болсын өтемақыны өндіріп алу.

Маржан Наурызбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

Сол күнгі біздің моральдік, материалдық шығындарымызды өтеп берсе деп ойлаймыз.

Рейстің кешігуіне әуе компаниясының өкілінің де айтар уәжі бар. Ұшақта техникалық ақаулар болып, басқа әуе кемесінің келуін күтіпті. Ал, жолаушылардың шағымына қатысты шаралар қабылданатынын жеткізді. Бірақ, нақты мерзімі белгісіз.

Александр Небога, "Air Astana" әуе компаниясының жерде қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті:

Бастысы, бұл жерде қауіпсіздік. Жолаушылар әуе компаниясына арыздану керек. Егер олар шағымданса, ол міндетті түрде қаралады. Заң бойынша 14 күннің ішінде шешім қабылданатын болады. Бұл іспен біздің арнайы бөлімдеріміз айналысып жатыр.

Енді шетелді қойып, Қазақстанның ішінде ұшатын рейске тоқталсақ. Жолаушылар "SCAT" әуе компаниясының ұшақтары күн сайын кешегетіне наразы. Билеттің бағасына көрсететін қызмет сапасына сай емес деп шағымданады. Мұны жауаптылардың өзінен сұрап көрдік.

Нұрлан Жақыпов, "SCAT" Әуе компаниясының өкілі:

Ауа райы, содан кейін техникалық проблемалар, кейде әуежайда адамдар жетпейді. Кейде құстар ұшаққа тиіп кетеді. Сондықтан оны тексереді. Тексергеннен кейін оған уақыт кетеді.

Соңғы өзгерістерге байланысты әуе компаниялары рейстің әр кешіккен сағаты үшін жолаушыларға билет құнының 3 пайызын өтемақы ретінде төлейді. Бірақ сома билет құнынан көп болмайды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу