Ақтөбе: Мыңдаған тұрғын ақшаларын қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе: Мыңдаған тұрғын ақшаларын қайтара алмай жүр

28.06.2022

Ақтөбеде қаржы пирамидасына алданып, сан соғып қалған тұрғындар 2 жылдан бері қаржысын қайтара алмай жүр. Ал, сот процесі әлі жүріп жатыр. «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт ломбард» және «Нұр-Әли капитал» деп аталған ұйымдардың құрылтайшысы бір адам екені белгілі болып отыр. Жәбірленушілер саны 17 мыңнан асады.

2 жыл бұрын өздерін тиімді қаржы ұйымы ретінде таныстырған бірнеше компанияға мыңдаған тұрғын миллиондап қаржы салған. Алайда, көп уақыт өтпей жатып өсімпұлын алып үлгермегендері сан соғып қалды. Олар әлі күнге дейін салған ақшаларын қайтара алмай жүр. Қаржы пирамидалары келтірген шығын 30 миллиард 440 миллион теңгеге жуықтайды.

Айгүл Ахметқалиева, салымшы:

«2 жылдың ішінде жүрміз осылай, соттың соңында, ДВД-ның соңында. Мен 11 миллион салдым, сосын үстініңіздегі салған адамға бонус беріледі екі миллион деді.Мен айттым мен екі адамға бермеймін, алатын болсам өзім аламын деп екі миллионды алып кетім».

Шара Мұраталиева Алға ауданынан келген. Зейнеткер 700 мың теңгесін салған. Алайда, пайда көремін деген үміті ақталмады. Қазір сол салған ақшамның өзін қайтара алмай жүрмін дейді.

Шара Мұраталиева, салымшы:

24 ломбардқа ақша салып, алданып қалған адамдардың бірімін.Арыз бер дегесін арызымызды бердік. Былтыр августь айында келіп сотына қатыстық.Біз айттық, өзіміз салған ақшамызды берсе болды, үстіндегі процент, анау-мынаусын алып қалсын».

Төрт бірдей қаржы ұйымына қатысты сот бір жыл бұрын басталған. Ал, бүгінгі процеске жәбірленушілер кіргізілген жоқ. Тек салымшылар жаппай шағымданған соң ғана жіберілді. Облыстық сот өкілдерінің айтуынша, куәгер ретінде 2429 адам шақырылған. Сондай-ақ, 100-ге жуық қорғаушы тіркелген.

Гүлжанар Отарбаева, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:

«Сотталушылардың, оның ішінде басқа өңірлерде тұратындардың санын ескере отырып, сондай-ақ сотталушылардың тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету мақсатында сот Ақтөбе облысының әкімдігі берген тұрғын үйді үйқамақта ұстау оррны деп белгіледі.Сонымен қатар сотталушыларға қатысты ҚПК 146 бабының 2 бөлігіне қатысты шектеулер белгіленген».

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу