Елордада арнайы техника құрастыратын зауыттың екінші кезеңі жақында іске қосылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада арнайы техника құрастыратын зауыттың екінші кезеңі жақында іске қосылмақ

24.06.2022

Елордада арнайы техника құрастыратын зауыттың екінші кезеңі жақында іске қосылмақ. Бүгін кәсіпорынды аралаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі елімізде шығарылған осындай жүк көлігінің бірін тізгіндеп те көрді.

Бұл Нұр-Сұлтандағы арнайы техника құрастыратын зауыт. Корейлік серіктестердің көмегімен іске асқан жобаның құны 9 миллиард теңгеге жуық. Былтыр пайдалануға берілген концернде 12 мыңдай арнайы техниканың бөлшектері құрастырылып, бояу, дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Дайын жүк көлігінің біріне министр мініп, тізгіндеп көрді.

Қызметтік көліктен түсіп, жүк машинасына отырған Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша келесі айда зауыттың екінші кезеңі іске қосылмақ. Сөйтіп, 250 адам еңбек ететін кәсіпорынның қуатын арттыру көзделген.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Болашақта осындай шағын машиналардың санын көбейтіп, айына 300-ге дейін шығарамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Әрі болашақта өнімнің қазақстандық жағын көбейтіп, 80 пайызға дейін жеткіземіз бе деп жоспарлап отырмыз.

Жоспар алдағы 5 жылда іске асуы тиіс. Министрдің айтуынша бұл ішкі нарықты арнайы техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығарылатын өнім көлемін арттыруға сеп болмақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу