Еуропа одағы Брюссельдегі саммитте Украина мен Молдоваға кандидат мәртебесін берді. Мұны Еурокеңес төрағасы мәлімдеді. Ол қабылданған шешімді «тарихи сәт» деп сипаттап, Украина президенті Владимир Зеленский мен Молдова жетекшісі Майя Сандуға құттықтау жолдады. Осылайша, екі посткеңестік елге Еуропа одағына жол ашылып отыр. Ал, Грузияға «еуропалық болашақ» уәде етілді. Тбилиси бірқатар реформаларды жүзеге асырғанда ғана кандидат мәртебесін алады.
Ал Северодонецкіні қорғап жатқан украиналық күштер қаладан кету туралы бұйрық алды. Мұны Луганск облысының басшысы Сергей Гайдай мәлімдеді. Соңғы бірнеше күнде Ресей әскері шахарды қоршап алуға жақындап қалған. Енді олар Лисичанск қаласына шабуылды үдете түсті. Екі қаланың да басым бөлігі ресейліктердің бақылауында. Осылай жалғаса берсе, Украина күштеріне қоршауға түсіп қалу қаупі төніп тұр. Жергілікті әскер Северодонецкіден шыға бастады ма, жоқ па - бұл жағы әзірге белгісіз.
Арай Төлегенқызы