«Qazaqstan» телеарнасы жобаларының 75 пайызы тікелей эфирде өтеді – Ләззат Танысбай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» телеарнасы жобаларының 75 пайызы тікелей эфирде өтеді – Ләззат Танысбай

23.06.2022
«Qazaqstan» телеарнасы жобаларының 75 пайызы тікелей эфирде өтеді – Ләззат Танысбай

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай елордада өтіп жатқан жатқан «Қазақстанда медиаконтентті тұтыну әсер ету факторлары мен даму үрдістері» атты конференцияда Корпорация құрамындағы телеарналардың рейтингі туралы сөз қозғады.

«Ұлттық арнаның рейтингтік үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 пайыздан 10,9 пайызға артып, 7-орыннан 4-орынға көтерілді. Арнаның осы уақыт аралығындағы жалпы өсімі 70,3 пайызды құрайды. Тек қазақтілді аудитория бойынша 2-орында. Прайм-таймда 12,6 пайыз үлеспен 3-орында. Мемлекеттік тілде хабар тарататын арна осылайша екі тілде хабар тарататын телеарналармен тең бәсекелесіп келеді», - деді Басқарма төрайымы Л. Танысбай


Айтуынша, қазіргі кезде «Qazaqstan» телеарнасының бағдарламалар кестесінің 75 пайызын тікелей эфирдегі жобалар құрайды.

«Tелевизиялық рейтингтің өсуі ең алдымен көрерменнің дәстүрлі БАҚ-қа деген сенімінің жоғалмауынан, біз бұған пандемия кезінде көз жеткізсек, кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде тағы бір рет куә болдық. Тек Ұлттық арнаны айтатын болсақ, көрсетілім бойынша рейтинг Қаңтар оқиғасы кезінде 130,4 пайызға артқан. Жаңалықтар рейтингі 116,2 пайызға артты. Жалпы барлық арналар бойынша телекөрсетілім бірден 108,5 пайызға көтерілді. Бұл телеарнаның, дәстүрлі БАҚ-тың ең сенімді медиа екенінің тағы бір көрсеткіші. Рейтингтің өсу тенденциясы біздің мысалымызда әрине, ең алдымен сапаның артуы, бағдарламалар кестесін дұрыс жоспарлау және Live-режимдегі жобалардың көбеюімен байланысты. Жаңадан эфирге шығып жатқан «Жедел желі», «1001 түн» жобалары да бірден көрермен көңілінен шықты. Себебі форматының ерекшелігінен бөлек, интерактив, яғни, көрерменмен кері байланыс бар. «Жедел желі» бағдарламасына көрермендерден бір сағат ішінде 500-600 сұраққа дейін келіп түседі», -деді Басқарма төрайымы.

25 маусымнан бастап Ұлттық арнада жүріп жатқан «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасы тікелей эфирде шықпақ.

«Қазір бұл жоба орташа 28,8 пайыз үлеспен отандық телевизиядағы ең рейтингті бағдарламалар қатарында. Бұл да біздің шоу бағдарламалар өндіруде жылдар бойы жинақтаған тәжірибенің нәтижесі. Осы аптадан бастап жоба 4 апта қатарынан тікелей эфирде өтеді. Жеңімпазды көрермен дауысы анықтайды», - деп атап өтті Басқарма төрайымы.

TNS Central Asia зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы «Balapan» телеарнасы рейтинг бойынша отандық телеарналар арасында 7-орында болса, «Qazsport» телеарнасы 11-орында, тек спорттық арналар арасында 1-орында. «Qazsport» телеарнасының аудиториясы соңғы екі жылда 157,1 пайызға артқан.

Хабарламаларға жазылу