«Balapan» телеарнасының анимациялық жобаларының рейтингі шетелдік мультфильмдерден жоғары – Ләззат Танысбай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасының анимациялық жобаларының рейтингі шетелдік мультфильмдерден жоғары – Ләззат Танысбай

23.06.2022
«Balapan» телеарнасының анимациялық жобаларының рейтингі шетелдік мультфильмдерден жоғары – Ләззат Танысбай

«Balapan» телеарнасының анимациялық жобаларының рейтингі шетелдік мультфильмдерден анағұрлым жоғары. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Қазақстанда медиаконтентті тұтыну әсер ету факторлары мен даму үрдістері» атты конференцияда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

 «Біздің телевизия нарығында жүріп жатқан тағы бір үрдіс – отандық телехикаялардың рейтингтік көрсеткіштерінің шетелдік сериалдармен теңесуі. Бұл - отандық сериалдар индустриясының дамуының көрінісі. Бұған осында отырған әрбір медиаменеджердің үлесі бар, себебі соңғы жылдары барлық арналар телесериал өндірісін күшейтті. Бір ғана «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылына 160-200 бөлімді құрайтын 14-16 сериал түсіреді», - деді Басқарма төрайымы.


Айтуынша, отандық өнімдерге деген аудитория сұранысының өскенін «Balapan» телеарнасынан да көруге болады.

«Balapan» телеарнасынан көрсетіліп жатқан шетелдік анимациялық мультфильмдердің рейтингі отандық анимациялық жобалардан анағұрлым төмен. Биыл эфирге шыққан «Ер тарғын», «Қобыланды батыр», «Қызғалдақтар мекені» сияқты өзіміз өндірген анимациялық жобалар әлемдік ең рейтингті деген «Monchhichi», «Смайтики» «Wild Baby Animals» мультфильмдерінің көрсеткішінен 31 пайызға жоғары», - Л.Танысбай.

Басқарма төрайымының айтуынша, бүгінгі күні балалар телеарнасының жобалары сыртқы нарыққа да белсенді сатылуда.

«Balapan» арнасының анимациялық жобалары АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіліп жүр. Бұдан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өнімдеріне ТМД мен Араб елдері аумағын қамтитын «IVI.RU», «ОККО», «Megogo», «Noorplay VOD» платформаларынан қызығушылық зор», - деді Л.Танысбай. Тек өткен жылы сыртқы нарыққа 1828 бөлімнен тұратын 95 телехикая және анимациялық өнімдер сатылған.


«Balapan» телеарнасы 2022 жылға 209 сериядан тұратын 11 отандық анимациялық жоба өндірісін жоспарлап отыр. Оның ішінде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Бозторғай» мультхикаясы мен Бекзат Саттархановтың балалық шағы туралы «Бала Бекзат» анимациялық мультфильмі бар.

Хабарламаларға жазылу