Ауғанстанда алапат зілзала құрбандарының саны мыңға жетті. Шалғайдағы елдімекендерде құтқару жұмыстары аяқталған жоқ. Билік қаза тапқандардың саны әлі де өсуі мүмкін деп мәлімдеді. Жараланғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ауғанстанды қуаты 6,1 балдық зілзала теңселтті. Табиғи апаттан 1 мың тұрғын қаза тауып, 1 жарым мың адам жараланған. Құрбандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Шалғайдағы елдімекендерде іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жараланғандардың ішінде ауыр халде жатқандары бар. Зілзала кезінде зардап шеккендердің көбі - Пактика провинциясының тұрғындары. Апат адамдар ұйықтап жатқан кезде болған.
Фатима, жергілікті тұрғын:
"Дүмпу түн ортасында болды. Балалар қорыққаннан айғайлай бастады. Үйдің бір бөлмесі қирады".
Файсал, жергілікті тұрғын:
"Жер сілкінісінен көршіміздің үйінің тас-талқаны шықты. Қаза тапқандар мен жараланғандар көп. Біз дереу ауруханаға жеткізілдік".
Зардап шеккендерді ауруханаға жеткізу, тұрғындарға дәрі-дәрмек пен азық-түлік тасу үшін тікұшақтар тартылды. Зілзала ошағы елдің оңтүстік-шығысындағы Хост қаласынан 44 шақырым қашықтықта, 51 шақырым тереңдікте анықталған. Дүмпуді Ауғанстан, Пәкістан мен Үндістанның 120 миллиондай тұрғыны сезді.
Мавлави Шарафуддин, Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
"Өкінішке орай, Пактика, Гейан, Неках, Бармал тәрізді бірнеше провинция мен ауданның мың шақты тұрғыны опат болды. Қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына ақшалай көмек беріледі. Үкімет құрбан болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтады"
Дәл мұндай қуатты дүмпу елде 2002 жылдан бері болмаған. Жалпы Ауғанстан тектоникалық белсенді аймақта орналасқандықтан жер сілкінісіне бейім келеді. БҰҰ-ның мәліметінше, соңғы он жылда мұнда 7 мыңнан астам тұрғын зілзала құрбаны болған.
Арай Төлегенқызы