Ақтөбе облысында тұрғындар төрт түлігін өріске шығара алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тұрғындар төрт түлігін өріске шығара алмай отыр

21.06.2022

«Төрт түлікті жайылымға шығара алмай отырмыз!» Ақтөбе облысындағы Көктоғай аулының тұрғындары осылай деп шағымданды. Елді мекеннің маңындағы шұрайлы жердің бәрін шаруа қожалықтары иеленіп алған. Ал, жекенің малы азғантай жерді қанағат тұтуға мәжбүр дейді олар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Көктоғай Алға ауданына қарайды. Мұнда 80-ге жуық түтін бар. Жекенің малы жайылымның жоқтығынан ауылдың іргесінде жайылуға мәжбүр.

Малдың көбі тіпті, ауыл көшелеріне жайылып, шалшық су ішіп жүргенін көрдік. Отар қойдың өзі алысқа ұзай алмаған. Тұрғындардың сөзінше, соңғы жылдары жақын жердегі шұрайлы жерлердің бәрін дөкейлер иемденіп алған. Жекенің малын маңайларына жуытпайтын көрінеді.

Жангерей Мұқанов, Көктоғай ауылының тұрғыны:

3 жыл болды, бәле болды, келген кісілер баз салып жатыр.Біздің жаятын жеріміз болмай жатыр. Қиын болып тұр.Әр жерде жайлып жатыр.Оның малына барып түссе, бітті, айқай-шу. Боқтайды даже біздерді.

Мұндағы халық мал асырап жан бағып отыр. Басқа түлікті айтпағанның өзінде, ауылда 3 мыңнан аса ірі қара бар. Ал, бос жатқан жердің көлемі бар болғаны 3 жарым мың гектар шамасында ғана.

Звайда Реймова, Көктоғай ауылының тұрғыны:

Өмір бойы мал ұстаймын. Бүгінгі күні сол малдың рахатын көре алмай отырмын. Неге? Жер жетпейді! 500 метрден қуамыз. 2 км, 4 км, жүретін малдың жері жоқ. Суды ішеді де, отырады сол арада. 500 метрден артық қуа алмаймыз.

Ал, жауаптылар болса, жайылым мәселесі тек Көктоғайда емес, тұтас аймақ бойынша өзекті екенін алға тартады. Аудандағы 12 ауылдың 11-інде жайылымдық жер жетіспейді. Дегенмен, соңғы кездері қолданылмай, бос жатқан жерлерді қожалықтардан кері қайтару жұмыстары жүріп жатыр дейді.

Арман Бошанов, Алға ауданы әкімінің орынбасары:

Бір ғана жолы бар, шешімі. Малы көбейген адамдарға шаруа қожалығын ашуға көмектесіп жатырмыз, босаған жерлерге. Екіншіден, өткен жылдан бері биылға ешқандай конкурс жасалынып жатқан жоқ. Қайтарылған жерлдердің бәрі елді мекендерге тапсырылып жатыр. Оның шешімі тек қана осы.

Алға ауданы бойынша 12 мың гектардай жайылым жер жетіспейді. Бір қуанарлығы, ауылдарда соңғы жылдары мал басы еселеп көбейіп жатыр. Жағдайдың күрделі болуы да сондықтан. Әкімдік өкілдері мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз дейді. Алдағы уақытта тұрғындарға мал санын шектеу керек немесе өріске шығармай, қорада ұстап асырау қажет деген талаптар қойылуы мүмкін.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу