НАТО: Әскери жанжал жылдарға созылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО: Әскери жанжал жылдарға созылуы мүмкін

20.06.2022

Украинаның Донбасында шабуыл күшейіп жатыр. Северодонецк қаласы үшін шайқас аяқталған жоқ. Батыс елдері Киевке көмек беруді арттырмақ. Президент Зеленский Украина Еуроодаққа қосылуға бір қадам жақындады деді. Осы аптада ұйым бұл елге кандидат мәртебесін беруге қатысты шешімін жариялауы тиіс. 

Северодонецк үшін ұрыс әлі жалғасып жатыр. Мұндағы "Азот" зауыты Украина қарулы күштерінің бақылауында. Ресей күштері қала мен оның төңірегіндегі ауылдарға артиллериялық және авиациялық шабуылды күшейте түскен. Сол маңдағы Метелкино ауылын басып алды. Мұны Мәскеу де, Киев те растап отыр. Президент Зеленскийдің сөзінше, Еуроодақ Украинаға кандидат мәртебесін беруді қарастырып жатқан тұста, Ресей шабуылды күшейтуі мүмкін.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

"Донбаста қиянкескі ұрыс болып жатыр. Ресей күштерінің басым бөлігін сонда шоғырланған. Северодонецк, Лисичанск, Авдиевка және басқа да елдімекендер әлі де қорғанысты ұстап тұр. Бүгінгі күшіміз ертеңгі жеңісімізге айналады. Барлығына алғыс айтамын".

Ақпанның 24-нен бері Ресей- Херсон облысын түгелдей және Запорожье аймағының айтарлықтай бөлігін басып алып, қазір Харьковті алуға әрекет жасап жатыр. Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл барысында теңізден алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар Украина әскерінің басқару пунктін жойып жібергенін мәлімдеді.

Ресей

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

"Ресей қарулы күштері Украинадағы әскери нысандарға соққы беруді жалғастырып жатыр. Дәл тигізетін "Калибр" зымырандары Украина әскерінің Широкая Дача ауылы маңындағы командалық пунктіне соққы берді. Сол кезде Александрия шұғыл-стратегиялық тобының командирлерінің кездесуі өтіп жатқан. Шабуыл нәтижесінде Украина қарулы күштерінің 50 генералы мен офицері мерт болды"

Бельгия

НАТО Украинадағы қарулы қақтығыс ұзаққа созылатынына дайын болу керек деді. Дәл осындай пікірді Британия премьері Борис Джонсон да айтты. Олар Украина жеңгенге дейін бұл елге қолдау көрсетуді арттыру керек деп мәлімдеді. Ай соңында әскери альянс саммит өткізіп, Киевке қосымша қару-жарақ жіберетінін жарияламақ. Сонымен бірге Украинаның Еуроодақ құрамына кіруіне кандидат мәртебесін беру де осы аптада шешіледі. Айта кетсек, Ресей басып кіргеннен кейін 4 күннен соң Киев аталған ұйымға мүше болуға өтінім берген.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу