Басты Жаңалықтар Қостанай облысы: Ыбырай Алтынсарин гимназиясының оқушылары 20 жылдан бері әбден тозған ғимартта оқуға мәжбүр

Қостанай облысы: Ыбырай Алтынсарин гимназиясының оқушылары 20 жылдан бері әбден тозған ғимартта оқуға мәжбүр

Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин гимназиясының оқушылары 20 жылдан бері әбден тозған ғимартта оқуға мәжбүр. Кезінде саяси-ағарту мекемесі болған нысан білім беру талаптарына мүлде сай келмейді. Ал 1991-ші жылы жаңадан салынған типтік ғимарат бұзылып, бүгінде ізі де қалмаған. 2001-ші жылы сол кездегі қала басшылары оны ұстап тұру шығын деп тауып, үнемдеудің желеуімен гимназияны осында көшіріпті.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Ғимараттың талапқа мүлде сай келмейтінін осы бөлмелерден-ақ байқауға болады. Біріншіден өте тар, екіншіден қабырғалары жұқа тақтаймен ғана бөлінген. Келесі бөлмеде сөйлеген адамдардың дауысы естіліп тұрады. Яғни сабақа өту кезінде балалар бір-біріне кедергі келтіреді.

Бұл ғимарат 1976-шы жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Жел соқпасын деп бітеп тастаған ескі ағаш терезелер ашылмайды. Яғни бөлмелер желдетілмейді. Мектеп іші сонда да қыста суып кетеді, дейді оқушылар.

Нұрикамал Әбжан, оқушы:

Былай негізінде мектеп формасының сыртынан жылы күртеше киіп отырамыз. Бірақ кейде қатты салқын болғанда куртка киюге тура келеді.

Ал, Мектеп директорының айтуынша, жауын жауғанда төбеден су ағады екен. Қабырғаның бәрі жанғыш материалдармен қапталған. Бұл өрт қауіпсіздігіне қайшы. Сондықтан төтенше жағдай қызметі жылда айыппұл салады. Инженерлік желінің бәрі шіріп тұр. Құбырлардың іші әбден бітелген. Соның кесірінен қысымға шыдамай жарылып ғимарат ішін су б асатын кездер де болады, дейді.

Ақтоты Қисықова, гимназия директоры:

Бізде оқу процесі болып жатқанда, мамыр айында мына жердегі батарея жарылып, су қатты екпінмен атқылап бірінші қабатқа дейін жайылды. Оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болдық.

Едені солқылдақ, тар, қабырғасы жұқа кабинеттер талапқа сай жабдықтауға да жарамай тұр.

Ажар Құрманбаева, Ағылшын тілі мұғалімі:

Балаларды ағылшын тілін жетік меңгеруге жағдай жасалмаған. Лингафон жоқ. Интерактивті тақта ілу үшін қабырға мықты бетон болуы керек. Сондықтан оны да іле алмаймыз.

500-ден астам бала оқитын гимназияның асханасы 40 адамға ғана шақталған. Мектептің алдында балалар демалатын алаң жоқ, жеке қоршалмаған. Осы ғимаратта тағы бірнеше мекеме отыр. Қалалық білім бөлімі күрделі жөндеу үшін құны 369 млн теңге тұратын жоба дайындаған. Қазір ол сараптамадан өтіп жатыр. Қалада барлығы 10 мектеп болса соның тағы екеуі күрделі жөндеуге мұқтаж.

Дәуренбек Әбдібек


Бөлісу