Шымкентте қала күні мерекесіне орай «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме байқауы ұйымдастырылды. Шараға 70-тен астам тауар өндіруші қатысып, өнімдерін көпшілікке ұсынды.
Шымкент қай салада да тауар өндіруден озық. Әсіресе соңғы уақытта қалада бағалы ағаштардан жасалған бұйымдарға сұраныс зор. Осы кәсіпті игергендердің бірі Нұрсұлтан. Ол берік ағаштан сапалы һәм сәнді дүниелер жасайды. Бүгінгі көрмеде оның бұйымдарына қызығушылар көп болды.
Нұрсұлтан Бауыржанұлы, тауар өндіруші:
Бізде барлық тауарлар өзімізде шығады. Тек бағалы ағаштан жасаймыз. Яғни жаңғақ, қайың ағашы тағы басқа да ағаштан жасаймыз.
Көрме-байқауға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты. Тауар өндірушілер машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясындағы өнімдерін ұсынды. Оның үздіктері «Халық тұтынатын үздік тауарлар»; «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдарына лайық деп танылмақ.
Нұрлан Қабыштаев, Шымкент қаласы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры:
Өнеркәсіпті алсақ Шымкент өндірістің 30 пайыз экспортқа жібереді республикада. Сонымен қатар фармацевтика, медициналық бұйымдар шығару, құрылыс саласы.
Бұл көрме үш күнге созылады. Көпшіліктің талағамына сай болған тауарлар байқаудың жеңімпазы болады. Үздіктер Елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауына қатысады.
Ғани Қалмаханов