Шымкент тұрғыны өз күшімен бір көшенің бойын жасыл желегі жайқалған саябаққа айналдырды. Жасы 70-ке келген Асылхан Ағыманов ағаштар мен гүлдердің көшетін өз қаржысына сатып алып, оларға әлі күнге өзі күтім жасап келеді. Бүгінде 200-ге жуық шаңырақ жайғасқан көшеге 400-ден астам тал-терек жайқалып тұр.
Асылхан Ағманов бағбандық іске зейнеткерлік демалысқа шыққан соң кірісті. Жол жиегі күл қоқыс, сарғайып жататын. Соның бәрін тазалап, алдымен көше бойына аялдама салды. Сөйтіп оның төңірегіне теректің 100 көшеті мен гүл отырғызды. Оны Сарыағаштағы тұқымбаққа әдейі барып, өз ақшасына сатып алды.
Асылхан Ағыманов, қала тұрғыны:
Сонымен тағы 100-ін әкеліп, 200-ін бір-ақ ектім. Бірінші жылы соны көгерттім. Онда мұнда су жоқ. Каналға анда санда су келеді. Шелекпен құйып, көгерттім. Қолымен құйдым бәріне
Ұзыннан ұзақ көшенің бойында алма, терек, тұт секілді ағаштың оннан астам түрі бар. Гүлдің де сан алуан тұқымы жайқалып тұр. Көшеден өткен жұрт көлеңкесін саялайды. Таза ауа. Ал кешкісін көрші-қолаң серуендеуге шығады.
Әбдір Кенжеев, қала тұрғыны:
Адамның көңілі де табиғат секілді ғой. Айналаң сарғайып жатса көңілсіз боп жүресің. Мынандай көгеріп тұрған кезде көңілің көтеріліп ерекше бір ғанибетте жүресің. Әрі таза ауа, әрі қалаға көрік береді.
Қария күнделікті таңертең және кешкілік жасыл желекке күтім жасайды. Арам шөбін тазартып, артық өскіндерін қырқады. Ағаштарға аптасына екі рет су қояды. Үйіне кеп тұрған ауыз су құбырынан көшенің төрт жеріне желі тартып, шүмек орнатып алған. Ай сайын алатын 75 мың теңге зейнетақысының үштен бірін судың ақысын төлеуге жұмсайды.
Асылхан Ағыманов, қала тұрғыны:
Тілі жоқ, әйтпесе сөйлейді бұлар. Су берсең жайнап шыға келеді. Кешке су беріп, азанда қарасаң құлпырып тұрады. Реңі өзгеріп, жапырағы сылдырып. Соны көріп өзім ләззат аламын.
Еңбектен рақат табу–жанның қалауы. Зейнеткерлікке дейін жол құрылысы саласында қарапайым жұмысшы болған қария бағбандықтың қырын сырын әкесінен үйреген. «Күнделікті естіп жататын көптің алғысы, бойыма күш қуат дарытады. Артымда із, жастарға өнегем қалады. Соның арқасында өмірге деген құлшынысым да ортайған емес»,-дейді қария.
Ғани Қалмаханов