Басты Жаңалықтар Маңызды меморандум: Фермерлер тұрғындарға жайылымдық жер берді

Маңызды меморандум: Фермерлер тұрғындарға жайылымдық жер берді

Қарағанды облысы Нұра ауданының фермерлері ауыл тұрғындарына мал жаю үшін 80 мың гектардай жерді пайдалануға берді. Бұл игі іс "Аманат" партиясының жергілікті филиалы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, әкімдіктер мен жергілікті қауымдастықтар арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асты. Ел бойынша мұндай оңтайлы тәсілді алғашқы болып нұралық шаруалар қолдаған. 

Бұл күні 11 меморандумға қол қойылды. Ауданда 260 мың гектардай жайылым тапшы, енді соның 80 мыңнан астамын шаруалар уақытша халықтың пайдалануына өткізді. Мәселен Жарасбай ауылының фермерлері елдің пайдалануына деп 10 мың гектар жерді ұсынып отыр.

Қуаныш Ашанбаев, фермер:

Жарасбай ауылының халқының жағдайын шешу үшін атсалысып жатырмыз. Ауыл халқына мал жаю үшін 10 мың гектар жер бөліп беріп жатырмыз. Енді біздің ауылымызда үлкен ақсақалымыз бар, ауыл әкіміміздің, сол кісілердің қолдауымен Жарасбайымыз көркейіп келе жатыр.

Бір апта бұрын "Аманат" партиясының өкілдері мен Мәжіліс депутаттары аудандағы бірнеше ауылды аралап, жергілікті жұрттың мәселесін тыңдаған. Тұрғындардың әсіресе жайылым жетіспеушілігіне қатысты шағымы көп болды.

Зарлық Мақсұтов, Қара ой ауылының тұрғыны:

Жаңа Қзаақстан, әділетті Қазақстан орнатамыз деп міне кірісіп жатыр. Сол бастамалардың алғашқы қадамы өте жақсы. Бір жұма бұрын келді бұл кісілер. Қара ой ауылына да келді. Сұрақтарды көтеріп, осы әсіресе мынау жайылым мәселелері көтеріліп, міне 1 жұма өткен соң осы мәселе қалай шешіліп жатқаны жөнінде есебін тыңдадық.

Партия өкілдері мен мәжіліс депутаттары тарапынан ауыл тұрғындарын мал жаятын аумақпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар одан әрі де жалғасады. Бұл ретте меморандум- жедел, әрі оңтайлы әдіс. Мысалы Нұра ауданы бойынша 5400-дей шаруа қожалығының иелігінде бос жатқан жер баршылық. Меморандумның арқасында ауданда қазір жайылымға сұраныс 92 пайызға дейін қамтамасыз етілген.

Эльдар Жұмағазиев, «Amanat» партиясының хатшысы:

Ел бойынша 22 млн гектар жайылымдық жер халыққа тиесілі. Керісінше мына шаруашылықтарда 41 млн жер артық бар екен. Қазіргі мақсатымыз осының барлығын анықтап, ел бойынша осындай жағдайға жеткізу.

Меморандум аясында фермерлер берген жерлерді тұрғындар 4 жыл 9 ай пайдалана алады. Кейін жергілікті атқарушы органдар мен қауымдастықтың және шаруалардың өзара келісімімен жайылымдық жерді пайдалану мерзімін ұзартуға болады.

Руслан Нұрланұлы

Бөлісу