Онлайн алаяқтық жасауды кәсіп етіп, оңай олжа тауып жүрген шымкенттік екі азамат ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн алаяқтық жасауды кәсіп етіп, оңай олжа тауып жүрген шымкенттік екі азамат ұсталды

14.06.2022

Олардың осы кезге дейін ел аумағында 18 рет осындай әрекеттер жасағаны анықталды. Күдіктілер кезекті онлайн сауда үстінде қолға түсті. Олар жиһаз сатқысы келген шымкенттік азаматшаның ғаламтордағы жарнамасына бірден назар аударған. Тауарды курьер арқылы жеткізіп беруді сұраған олар сатушыға банк реквизиттерін сайтқа жазып жіберуін тапсырады. Бұл нұсқау орындалған сәтте жиһазын сатпақ болған азаматшаның есепшотынан 950 мың теңге алынады. Алаяқтар іле-шала сатушымен байланыс орнатқан мессенджерді бірден бұғаттап тастап, жөніне кеткен. Кибер қылмыскерлерді анықтау мақсатында полицияның жедел уәкілдері бірден ізге түсіп, нәтижесінде екі жігіт ұсталды. Тінту кезінде күдіктілерден 6 ұялы телефон мен 21 симкарта тәркіленген.

Кереметхан Ділманов, Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:
Тергеушілер ұсталғандардың осы тәріздес тағы 17 қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Алаяқтардың айласына түскен азаматтар бүкіл ел бойынша бар болуы мүмкін. Жәбірленушілердің саны артуы да мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Авторы: Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу