Елорданың іргесіндегі көне Бозоқ қалашығынан арнайы экспедиция жолға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың іргесіндегі көне Бозоқ қалашығынан арнайы экспедиция жолға шықты

11.06.2022

«Бозоқтан Ботайға дейін». Бүгін елорданың іргесіндегі көне Бозоқ қалашығынан арнайы экспедиция жолға шықты. Көшпенділердің ізімен сапарға аттанған салт аттылар тобы бір аптада теріскейдегі Ботай қонысына жетпек.

Бозоқ қалашығын Алтын Орда кезеңінде сақ-ғұндар қоныстанған. Ортағасырлық қалашық Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билушілерінің әскери ордасы саналған. Жолға шыққан салт аттылардың көздгені қойнауына сыр бүккен ежелгі қоныстың жалпыұлттық маңызын арттырып, жан-жақты дәріптеу. Одан қала берді, атқа міну мәдениеті қазаққа ежелден мәлім. Ата-бабадан қалған салт-дәстүрді ұрпақ жадына сіңіру ұлы мұратымыздың бірі дейді ұйымдастырушылар. Салтанатты шарада әннен шашу шашылып, жұрт мәре-сәре болды.

Атбегілер көшпенділердің ізімен Бозоқ қалашығынан Ботай қорымына дейін жүріп өтпек. Себебі, адамзат тарихында жылқыны алғаш қолға үйреткен жер осы Ботай қонысы .Солтүстікке бет алған салт аттылар жолдың қиындығын еңсеретіндеріне сенімді.

Таңжарық Сұлтанұлы, экспедиция мүшесі:

Көлік өтетіндей тікелей өтіп кете алмай айналып өтетін жолда сулар бар, өзендер бар. Солардан айналып өтіп, ормандар, қамыс-қоғалардан айналып өтеміз. Көбінесе бізге тіке жол жоқ қой. Енді бұрынғы сүрлеуді білмейміз. Жаңадан өтетіндіктен 450 шақырымды біз енді мөлшерлеп отырмыз.

Атбегілер былтыр да Бозоқ қалашығынан Жидебайға дейін жетті. Жолай 20 шақты елді-мекенді аралап, мұражайларға кіріп, әулие әмбиенің басына зиярат еткен.

Сапарға аттанған жолаушыларды көпшілік сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Көшпенділердің жолын жаңғыртқан жиһангездер Ботай қалашығына жеті күнде жетеді.

Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу