Бүгін жаңадан құрылған үш облыстың әкімдері тағайындалды. Мәслихат депутаттарының дауыс беруімен Ұлытау облысының әкімі болып Берік Әбдіғалиұлы бекіді. Ұлт ұясы Ұлытаудағы соңғы жаңалықтарды тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндайды.
Конституцияға енгізілген жаңа тәртіп бойынша өңір әкімі лауазымына екі кандидатура ұсынылған. Олар: Берік Әбдіғалиұлы және Серік Шайдаров. Жиынға қатысқан 64 депутаттың 51-і Берік Әбдіғалиұлын қолдап дауыс берді. Жаңа әкімге өңірдің проблемасы таңсық емес, себебі осы аймақта біраз жыл қызмет етті. Облыс басшысы енді өндірісті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешуге басымдық бермек.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
Экономиканы әртараптандыру алдымыздағы үлкен міндет. Жаңа кәсіпорындар ашу. инвестициялық тиімділігін арттыру керек. Басқа проблемаларды айтпағанда экология, түрғын үй мәселелері де өз шешімін күтуде. Әрине бұл мәселелердің барлығын тез арада шешу мүмкін емес. Дегенмен халықтың игілігі үшін әр проблеманы кешенді түрде шешіп отыру біздің тікелей міндетіміз.
Жаңадан құрылған облысқа әкімнің кандидатурасы алғаш рет жергілікті мәслихаттармен келісілді. Президент әкімшілігінің басшысы бұл Ұлытау өңірі үшін тарихи маңызды сәт екенін атап өтті.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:
Өңір әкімдерін тағайындаудың жаңа тәртібі бекітілген болатын. Алғашқы рәсім міне Ұлытауда өтіп отыр. Мұның өзіндік символикалық мәні бар шығар. Мемлекет басшысын да өздеріңіз білесіздер, ең алғашқы бастамалары осы ұлытаудан басталған еді. Жошы ханның басын көтерді.
Ұлы істерге ұйтқы болған Ұлытауда жуырда Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны өтеді. Әзірге, өз алдына дербес өңір атанған өлкенің орталығы Жезқазғанда мекемелерді орналастыру бойынша мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Жоспарға сай облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына көшіп, алдағы 3 жылда жаңа ғимарат беріледі. Облыс орталығына қоныс аударып жатқандарға да жаңа үйлер салынады. Жергілікті тұрғындар әкімшілік-аумақтық өзгерістен оң нәтиже күтеді.
Ғазиз Ештанаев, ақын:
Қордаланып қалған мәселелер бар. Инфрақұрылымға, экономикалық жағдайға, әлеуметтік жағдайға байланысты мәселелер шешіледі. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Жезқазғаннан жастар енді кетпейді. Бұл деген сөз болашақта жақсы білікті кадр мәселесі шешіледі деген сөз.
Батырбек Мырзабеков, Қазақстан Жазушылар одағы филиалының директоры:
Мәңгілік өмір сыйлаған тауға бұлағым,Жарысқан желмен жезкиігім мен бұланым,Дауылды жылдар тауымнан қалған адасып,Ұлытауыма оралды бүгін ұларым.Ырымға балап, жақсылық деймін мұны да,Ұлар құсымды қондырған заңғар шыңына,Ұлтымның тауы Ұлытау алғыс айтады,Қасым-Жомартқа Кемелдің батыл ұлына!
Облыс орталығы Жезқазғанда тұрғын-үй құрылысына шамамен 50 млрд теңге жұмсалмақ. Ал, әкімшілік ғимараттарға 14 млрд.теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд теңге қаржы керек. Жұмыс орындары ашылады. Өңірдің өндірісін әртараптандыру қолға алынады.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Ұлытау облысының өндірістік әлеуетінен бөлек туризмді жандандыруға мол мүмкіндіктері бар. Ол үшін өңірдің инфрақұрылымын, туристік кластерін жан-жақты дамыту керек, дейді мамандар. Осынау тарихы бай, киелі Ұлытау төрінде 16 маусым күні Ұлттық құрылтай өткізіліп, елдік бағыттағы келелі мәселелер ортаға салынады.
Руслан Нұрланұлы