Ақтөбеде ит талаған 12 жастағы бала көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде ит талаған 12 жастағы бала көз жұмды

10.06.2022

Ақтөбеде ит талаған 12 жастағы бала көз жұмды. Сұмдық оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Оқушының денесін туыстары түн ішінде құрылыс алаңынан тапқан. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқиға осы маңда болған. Баланың денесі түн ішінде табылды. Осыдан екі апта бұрын осы ауданда оқушы қызды ит талаған еді. Абырой болғанда, ол аман қалды.

12 жастағы Мадияр кешкі жетілерде ата-анасынан ойнауға сұранып шыққан. Балалар Есет батыр ауданында жаңадан бой көтеріп жатқан осы шағын ауданда ойнап жүрген деген болжам бар. Сол жерде қаңғыбас иттердің құрбанына айналған. Тума-туыстары мен ұстаздары оны түнімен іздеген. Баланың өлі күйінде табылғанын естіген білім ордасының басшылығы да естерін жия алмай отыр.

Мейрамгүл Тұрғанбаева, №60 мектеп директорының орынбасары:

Кешкі 12-ден кейін уже хабар келді. Әлі баланы іздестіріп, кімнің баласы түгел, түгел емес деген сияқты жүргізді. Оған дейін де қыста 1-2 ит жүргенде әкімшілікке, бәріне хабарлаймыз, бірақ неге осындай шара боп тұрғанына біз өзіміз де таң қаламыз.

Баланың кешкі тоғыздарда көз жұмғаны белгілі болды. Мадияр отбасындағы үш баланың ортаншысы екен. Оның денесін «Бауырластар» ауылында тұратын ата-әжесінің үйіне алып келді. Туыстары да болған оқиғаға әлі сене алар емес. Жүрегі қан жылаған жақындары «Баламызды талаған иттің иесін тауып жазаласын, иесі болмаса, қаңғыбас иттерді түгел атсын», - дейді.

Рахима Балиева, марқұмның әжесі:

Екі көзі жәудіреп, сондай қиындықпен өмірден озғанына ішім қан жылап тұр. Адамның жаны қадірсіз болып кетті, иттің жаны қымбат болып кетті. Немеремнен бұрын 47 жастағы жігітті талап, соны бәзбіреулер айырып алыпты. Ал, менің шынашақтай ғана балам, бір шөкім еті жоқ, арық бала. Өзі сондай алысқа кетпейтін еді.

Оқиғаға байланысты әкімдік арнайы брифинг өткізді. Әкім орынбасарының айтуынша, екі апта бұрын қыз баланы ит талағаннан кейін сол ауданда 274 иттің көзі жойылған. Алайда, ол нәтиже бермеді.

Жақсығали Иманқұлов, Облыс әкімінің орынбасары:

Бұл жағдай әрине, қиын болып тұр. Себебі, саны азаймай, күнбе күн көбейіп жатыр. Баладан айрылғаннан кейін бүкіл қоғам болып, мен облыс әкімінің орынбасары ретінде бұны сезінемін, жауапкершілікті.

Дегенмен, ашулы ата-аналар жауапкершілікті құр сезіну аз, нақты әрекет керек дейді. Әбден үрейі ұшқан жұрт балаларын қазір емін-еркін далаға шығарудан қалған.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу