Украинада қарулы қақтығыс басталғанына 100 күн толып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада қарулы қақтығыс басталғанына 100 күн толып отыр

03.06.2022

Украинада қарулы қақтығыс басталғанына 100 күн толып отыр. НАТО-ның болжамынша, бұл шайқас екі жақ әбден қалжырағанша жалғасуы мүмкін. Артиллериялық жекпе-жек күшейген шақта Құрама Штаттар Украинаға озық зымыран жүйесін жеткізуге ақыры келісті. Киев ол қарумен Ресейдің аумағын атқыламайтынына сендіріп отыр.

Ресей армиясының Украинаға енгеніне 100 күн толып отыр. Осы уақыт ішінде мыңдаған адам қаза тауып, 6 миллионнан астамы шетелге босып кетті. Мәскеу Украинаны «ұлтшылдардан» тазартамыз дейді. Алайда, Киев пен әлем елдері бұл басқыншылықты «себепсіз соғыс» деп атап отыр. Батыс барлаушыларының болжамынша, 100 күнде Украинада Ресейдің қаза тапқан және жараланған адам күшінің саны 40 мыңға жетіп қалды. Алайда, Мәскеу наурыздан бері құрбандар туралы дерек жарияламай келеді. Украинаның да жоғалтқаны аз емес.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

«Елдің шығысында күн сайын 100-ге жуық адамымыз өліп, 450-500 жауынгер жараланады».

Президент Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей қарулы күштері Украина аумағының 20 пайызын бақылауға алған.

Киев пен елдің солтүстігінен шегінген ресейліктер қазір бар күшті Донбасты – оған кіретін Луганкс және Донецк облыстарын жаулауға жұмсап жатыр.

Осындай шақта Батыс мемлекеттері Украинаға жанталаса ауыр қару жөнелтуге кірісті. Сондағы мақсат – Киевке оккупацияланған территорияларды қайтару, бейбіт келіссөздерде Украинаның позициясын күшейту, Мәскеуді мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мәжбүрлеу.

Америка беретін арсеналдың ішінде HIMARS зымыран жүйесі. Ол 80 шақырым жердегі нысанды қирата алады. Украина бұнымен Ресей жерін атқыламауға сендірді. Сондықтан, Вашингтгон алыс қашықтыққа арналған қаруды Украинаға жіберуге ақыры келісті.

Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

"Украиндар бұл жүйемен Ресей аумағын нысанаға алмауға кепілдік беріп отыр. Украина мен АҚШ-тың, одақтастарымыз бен серіктестеріміздің арасында берік сенім бар».

Украинадағы жағдай немен аяқталуы мүмкін? Сарапшылары бұл сауалға қатысты 5 сценарийді атайды. Біріншісіне тоқталсақ, Ресей мен Украина әбден қалжырағанша, айлар, тіпті жылдар бойы шайқасуы мүмкін. Екіншісіне сәйкес, Путин аз ғана жетістігін жеңіс деп жариялап, күтпеген жерден ымыраға келісіп, әлемді таң қалдыруы ғажап емес. Үшіншіден, екі жақ майдан даласында тығырыққа тіреліп, қақтығысты келіссөздермен тоқтатуға уағдаласуы ықтимал. Төртіншіден, Украина әскері жеңіске жетіп, ресейліктерді елден ығыстыруы мүмкін. Бесіншіден, Ресей Донбасста табысқа жетсе, Киевті алуға қайта әрекет жасайды деген болжам бар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу