Ақтөбеліктерге қоқыс төгілген аумақтан 1200-ге жуық жер телімі берілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктерге қоқыс төгілген аумақтан 1200-ге жуық жер телімі берілген

02.06.2022

Ақтөбеліктерге қоқыс төгілген аумақтан 1200-ге жуық жер телімі берілген. «Рауан-2» деп аталатын ауданның тұрғындары енді үй сала алмай отыр. Ал, қала билігі стихиялы қоқыс алаңдарын тазартып үлгере алмай жатқандарын айтады. Мәселе қалай шешілмек? 

Ғафу Құламанбаев жер кезегінде 15 жыл тұрған. Былтыр көптен күткен жер теліміне қол жеткізгенде қатты қуанған. Бірақ, тау болып үйілген қоқысты көргенде көңілі су сепкендей басылды.

Ғафу Құламанбаев, қала тұрғыны:

«Бастаймыз, биыл үй саламыз деп қарағанда, табличкамыз мусордың арасында жатыр. Келіп, қалдықтарын төгіп жатыр. Кеше бір камазды көрдік. Бұл мусорды шығару үшін городской свалкаға килограмына ақша төлеу керек. Оған қаражатымыз жетпейді».

Тұрғындар мен кейбір мекемелердің рұқсатсыз қоқыс төгіп жатқанын жер иелері бірнеше мәрте ұстап алған. Мына жүкі көлігі де белгілі бір мекемеге тиесілі. Бірақ оларға әй дейтін, әже, қой дейтін қожа болмай тұр.

Сәрсен Байбақтин, қала тұрғыны:

«Талабымыз акиматтаң, жоғарыда отырған бастықтардан – мына мусорды алып тастау. Өздері жер беріп жатыр, мына мусомен қалай тұрамыз?

Қоқыс төгілген аумақ қалаға тиіп тұр. 50 мыңнан аса халық тұратын «Есет батыр» шағын ауданы мен Қарғалы елді мекеніне дейін бар болғаны 400-500 метр жер. Тұрғындар бұл аумақтың экологияға тигізер зияны да орасан дейді. Ал, қала билігі бірнеше жылдан бері осындай стихиялы қоқыс полигондарымен күресіп келе жатқандарын айтады.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

«Бақылауда бізде 175 мың шаршы шақырым жер бар аудан бойынша. Жалғыз ол емес, басқа жерлерде де 23-тейі қалды. Оның алдында 150-160-тай орын болған. Соның бәрі кезең-кезеңмен жабылып келе жатыр».

Биыл осындай стихиялы қоқыс алаңдарын тазартуға 95 миллион теңге бөлінген. Ол тізімде «Рауан-2» ауданы да бар. Дегенмен, тұрғындардың қоқыстан қашан толық құтылатынын әкімдік өкілдерінің өздері де айта алмай отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу