Шығармашылық еркіндікті - ессіздікке айналдырғандарды сахнадан 5 жылға шеттету керек. Бұл- елдің алдына шығып бейәдеп сөздер айтып мемлекеттік нышандарды қорлайтын әншілерге сабақ болуы тиіс. Сондықтан сенаторлар заңды қатайту туралы Үкімет басшысына сауал жолдады. Қолданыстағы заңда мемлекеттік рәміздерді қорласа 2 мың айлық есепті көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Басқа да үкімдері бар. Бірақ, қалтасында қомақты қаржысы барларға ондай айыппұлды төлеу түкке тұрмайды. Кешірім сұрау арқылы да жауапкершіліктен құтылып кетіп жатады,-дейді депутат. Еске салсақ әншілердің бірі сахнада Қазақстанның туын келемеждеп, балағат, бейәдеп сөздер айтқан еді. Депутаттар мұндай өрескел әрекеттерге берілетін жазаның әлсіз екеніне наразы.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заңның баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді әдепсіздік көрсеткен, былапыт сөз айтқан, есірткіге елітіп, ішімдік ішкен әртістерді, өнерпаздарды мәдени шараларды өткізуді, халықтың салт-дәстүрін сыйлау мен сақтау ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзғандарды қызметін 5 жылға дейін шектеуді талап етеміз.