Шетте жүрген қазақстандықтар да елдің саяси өмірінен сырт қалғылары келмейді. Қазақстандағы жаңалықтарға құлақ түріп, елеңдеп отырады. Түркияда тұратын отандастарымыз да алдағы референдумға қатысып, таңдау жасауға бекініп отыр.
Жұмай Қыдырұлы - кәсіпкер. Халықаралық қаржы саласында іс жүргізеді. Кәсібіне ыңғайлы болғандықтан, Ыстамбұл қаласына көшіп келген. Сыртта жүрсе де, Қазақстандағы саяси өзгерістерден шет қалмай, үнемі ел жаңалықтарын қадағалап отырады. Алдағы референдумнан кейін оң өзгерістер болатынына сенімді.
Жұмай Қыдырұлы, кәсіпкер:
Референдум халықтың ертеңіне, болашақта жақсы жаққа бет бұруға тамаша үлгі болса, қол қойып, қатысуға дайынбыз. Шетелде жүрсек те, Қазақстан күллі қазақтың түп қазығы ғой, ол жерден кіндігімізді шешіп кете алмаймыз. Атамекеніміз, өз жеріміз. Қазір жұмыстармен шетте жүргенімізбен, болашақта ұрпақтарымызды ел үшін, отан үшін жұмыс істеуге, қазақтың болашағына үлес қосуға тәрбиелейміз. Қанша шетелде оқытқанымен, балаларымызға ел үшін жұмыс істеңдер деп айтамыз.
Халықаралық саяси сарапшы Алпер Тунга Кылыч Қазақстанның Конституцияға енгізгелі отырған өзгерістерін демократиялық қоғам құрудың маңызды қадамы деп санайды. Әсіресе билік өкілдіктерін қайта бөлу - саяси бәсекелестікті арттырады дейді саясаттанушы.
Алпер Тунг Кылыч, халықаралық саяси сарапшы:
Қазақстан халқының әлемдік қауымдастық алдындағы беделін көтеруге, дамудың жаңаша жолын таңдаудағы жасап жатқан реформалары өте маңызды. Әсіресе билік тармақтарының құзыретін қайта жасақтау, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтату - демократиялық қоғам құрудың жаңа сатысы. Конституцияны халық үніне құлақ аса отырып өзгерту - көп елге үлгі боларлық саяси қадам деп білем.
5 маусым күні Түркияда үш сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар Қазақстанның Анкарадағы елшілігі ғимаратында және Ыстамбұл мен Анталия қалаларындағы консулдықтарда орналасқан. Түркияда жұмыс бабымен немесе оқу мақсатында жүрген азаматтардан бөлек, осында демалуға келген қазақстандықтардың да референдумға қатысуына мүмкіндік бар.