Биылғы оқу жылында Шымкенттік оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі 500-ден астам сайыста топ жарды. Бүгін олар «Балалардың игілігі үшін» деп аталатын республикалық акцияға қатысып, құрметке ие болды. Акция аясында балалар асфальтқа сурет салып, гобелен, былғары, ағаштан жасаған бұйымдарының көрмесін өткізді.
Бағжан Шымкенттегі «ең үздік оратор», «үздік спикер» аталымдарының иегері. Шешендік өнерді меңгерген талапты өрен биыл халықаралық байқауда топ жарып, жоғары білім ордасының оқу грантына ие болды.
Бағжан Жұманазар, оқушы:
Дебетқа келгелі бері көптеген кітап оқуды бастадым. Осы жылдың өзінде 15-20 шақты кітап оқып бітірдім. Осының арқасында тілімді дамытып жатырмын. Көпшілік алдында сөйлеу, көшбасшылық болсын осының бәрі кітап оқуда.
Ал Іңкәр болса волейболдан спорт шеберлігіне үміткер. Құрама командада сапында өнер көрсетеді. Маусым бойына жеңімпаз болып келе жатқан команда еліміздің жоғары лигасына өтуге дайындық жасауда.
Іңкәр Әсіл, оқушы:
6 сыныптан бері жаттығып келемін. Аптасына 6 күн бойы жаттықтым. Көп еңбек еттім. Болашақта танымал спортшы болып елді танытқым келеді.
Акция аясында білім мен ғылым сайыстарында, спорттық жарыстарда үздік деп танылған осындай оқушылар көпке үлгі болды. Әл-Фараби алаңында 500-ге тарта бала «Бақытты балалық шақ» тақырыбында асфальтқа сурет салды. Жұртшылық балалардың қолөнер және мольбертегі көрмеге қойылған туындыларын тамашалады.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
Балалар жылына арналған 86 тармақтан тұратын 50 миллиардқа жуық қаржы қарастырылған үлкен жоспар жасақталды.Сонымен қатар оқушылар сарайы салынып жатыр. Шығармашылық орталық салып жатыр.
Биылғы жылы мегаполисте 143 балалар ойын алаңшасы салынбақ. Сонымен бірге 33 спорттық жаттығу орны, 16 мектеп пен балалар саз мектебі пайдаға беріледі. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасының 56 мыңнан астам баласына оқу құралдары мен мектеп формасы тегін берілетін болады.
Ғани Қалмаханов