Енді халық әндерін электронды нұсқада тыңдауға болады. Елордада 3 мың данамен «Ұлы дала сазы» атты антология жарық көрді. Ол 24 дискіге жазылған 500 халық әнінен тұрады.
Жинаққа Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды ән өнері майталмандарының орындауындағы әндер енген.
Жоба авторларының айтуынша, антологияны әзірлеуге 1 жылға жуық уақыт кеткен. Оның 100-ге жуығы Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Ұлттық академиялық кітапханаға табысталды.
Базарбек Атығаев, жоба жетекшісі:
Сол жоба барысында біз қазақ әндерін мұрағат қорларынан, жеке адамдардың архивінен, сонау Құлжадан бастап, Шәуешек, Тарбағатай, Алтай, Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгий өңірлерінен жинадық.
Айдана ҮСЕНБАЙ