Алматыда ескі үйлердің тұрғындары жаңа баспана сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ескі үйлердің тұрғындары жаңа баспана сұрайды

30.05.2022

Алматыда 80 жыл бұрын салынған ескі үйлердің тұрғындары баспаналарын сүріп тастап, орнына жаңасын тұрғызуды талап етеді. Айтуларынша, апатты үйде тұру мүмкін емес. Базынасын айтып, талай рет әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Дегенмен,мәселеміз шешімін табар емес деп ашулы.

Қаланың қақ ортасында - Достық даңғылы бойындағы мына үйлердің бірі 1940 жылдары, енді бірі 60 жылдары салынған. Бұл маңда осындай тозығы жетіп, құлауға шақ қалған 6 баспана бар. Тұрғындар нысанды сүріп тастап, орнына жаңасын салуды екі жылдан бері талап етіп келеді. Тіпті құрылыс компаниясымен келісіп қойған.

 Алтынай Нұғыманова, тұрғын:

Мына жердегі үй 27 жылғы үй. Мына үйлер 60 жылғы. Сонда 60 жылдан бері тұрып жатқан халық қайда баруы керек? Келіп тұрған инвесторға кедергі келтіріп тұр.

Жоспар бойынша бұл жерге 9 қабатты 3 үй соғылмақ.Тұрғындардың сөзінше, заманға сай жаңа кешеннің бой көтеруіне қарсы топтар бар көрінеді.

 Райхан Хасанова, тұрғын:

Жұмыстардың жүрмей жатқаны - әкімшіліктен рұқсат болуы керек. Сол рұқсатты бермей отырғандықтан, белсенділер шығып жатыр.

Ал мәселеге жауапты Алматы әкімдігі алдымен қоғамдық тыңдалым өтуі керектігін алға тартып отыр.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

Біз оларды қолдаймыз. Олар да Алматы тұрғындары. Жаңа ғимаратта тұруға хақысы бар. Сол себептен бізден көмек болады оларға. 10 пайыз қалды. Халықпен келісіп, халықпен келіскеннен кейін рұқсат береміз. Рұқсат алғаннан кейін, негізінен құрылысқа 9 ай кетеді.

Жергілікті билік жобаның 90 пайызы бітіп тұрғанын жеткізді. Яғни алдағы 1 жылда апатты үй тұрғындарының мәселесі толық шешіледі.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу