Қытайда тоғызқұмалақ федерациясы ашылады
Қытайда тоғызқұмалақтан спорт федерациясы ашылатын болды. Қазір Қазақстан мен Қытай арасында осыған қатысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Бейжіңде ұйымдастырылған турнир кезінде белгілі болды. Зияткерлік ойын барасында тоғызқұмалақтан шеберлік сағаты өтті.
Республика күні Қытайда да аталып өтті. Мерекеде қытайлықтарға тоғызқұмалақтан арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Кәсіби мамандар ойынның шығу тарихы мен ережелерін түсіндірді. Артынша турнир өткізіліп қатысушылар алған білімдерін тексерді.
Айшолпан Кәкен, Бейжің қаласының тұрғыны:
Алғаш рет ойнап тұрмын. Логика сыналатын ойын екен. Терең стратегия мен ойлау қабілетін шыңдайды. Адамдармен қарым-қатынас орнатуға да септігі мол. Мен үшін өте қызықты болды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.
Іс-шара барысында Қытайда тоғызқұмалақтан федерация ашылатындығы белгілі болды. Қазір тараптар осы бағытта жұмыс жоспарын пысықтап өзара мәміле жасап жатыр. «Бұл қазақ-қытай бірлескен мәдени-спорттық іс-шараларды көбейтіп еліміздің бай мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға жол ашады» дейді ұйымдастырушылар.
Әкім Тұрсын, ҚР тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
Министрліктің өкілдері де қазір осында келіп жатыр. Және болашақ федерацияның президенті болуға кандидат кісілер келді. Сол кісілермен де біраз жоспарлап алдағы жұмыстарды пысықтайтын боламыз. Тоғызқұмалақ ұлттық ойынымызды біз паралимпиада, сурдлимпиада және келесі жылы Астана қаласында өтетін киберспорт ойыны бар сол форматтарға қосу бойынша жұмыстар жасалып жатыр.
Федерация жетекшісінің айтуынша, тоғызқұмалақ ойынын әлемнің 50-ден астам елінде біледі. Кеңінен таралуы үшін халықаралық жарыстарды көбейту жоспарда. Сонымен қатар цифрлық форматта дамытуға басымдық беріледі. Қазір зияткерлік ойынға арналған 6 интерактивті платформа және екі вебсайт жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы