Алматы прокуратурасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жер учаскесінің заңсыз сатылып кеткенін анықтады. Қазір құзырлы орган қалалық жер ресурстарын басқару департаментіне осы учаскені қолданыстан шығару туралы ұсыныс жолдаған. Бұл туралы прокуратура өкілдері хабарлады. Бұған дейін 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы əкімдігінің қаулысы бойынша, Ұлттық университет аумағы 73 гектардан асқан. 2017 жылы 2 қазанда қала əкімдігі учаскенің шекарасын түзету туралы қабылдаған қаулыдан кейін, оның ауданы 1,82 гектарға азайып қалған. Учаскенің кішірейтілген бөлігінің 0,74 гектары «Omirex» серіктестігіне, коммуналдық қызметтерге – 0,56 жəне Мұстафаев есімді азаматтың иелігіне жарты гектардан аса жер өтіп кеткен. Белгілі болғандай, шаһар билігі Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын өрескел бұзып, жеке компанияға жер учаскесін сауда-саттықсыз беріп жіберген.
Қуан Нұрақын