Киев Ресей сержантын өмір бойына түрме жазасына кесті. 21 жастағы Вадим Шишимарин Чупаховка ауылында 62 жастағы тұрғынды өлтіргені үшін ең ауыр үкімге ілігіп отыр.
Шишимарин – Мәскеу Украинаға әскер кіргізгеннен кейін сотталған алғашқы ресейлік сарбаз. Ол соттың бірінші отырысында-ақ кінәсін мойындап, процесс бір аптаға созылды.
Ал, Ресей армиясы Луганск облысында өз бақылауына өтпеген соңғы екі қала - Северо-донецк пен Лиси-чанскіні алуға әрекет етіп жатыр. Алайда, Украина бас штабының хабарлауынша, екі бағытта да ресейліктер сәтсіздікке ұшырап, кері шегінген. Кейбір батыс сарапшыларының ойынша, Ресей қарулы күштерінің Донбассты шабуылдау мүмкіндіктері азайып келеді. Сондықтан, олар алдағы апталарда бұған дейін басып алған жерін қорғау тактикасына көшуі мүмкін.
Ал, Польша президенті Анджей Дуда Украинаға барып, Владимир Зеленскиймен кездесті. Киевте өткен баспасөз маслихатында Дуда, Еуропа одағы елдерінің басшыларын Украинаны осы интеграциялық блокқа қабылдауға шақырды. Ал, Брюссель Украинаның одаққа өтуге кандидаттығы туралы өтінішіне қатысты баяндаманы, маусымда жариялайды.
Арыстан Рысбек