Көшет өндірісі: Тұқымбақтар тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшет өндірісі: Тұқымбақтар тығырыққа тірелді

18.05.2022

Үкімет тарапынан қаржылай қолдаудың болмауынан елімізде жеміс ағаштарының көшетін өндіретін шаруашылықтардың ісі шатқаяқтап тұр. Осыдан он жыл бұрын бұл іспен 30 шақты тұқымбақ айналысса қазір соның үштен бірі ғана қалған. Есесіне соңғы жылдары шетелден ауру, сапасыз ағаш көшеттері әкелініп, олар түрлі індеттердің таралуына себепші болуда.

Қазір мына шаруашылық тұқымбақта өсірілген көшеттерді ашық алқапқа отырғызуда. 30 шақты адам ағашты бір-бірлеп қолымен егіп шығады. Шығынның ең көп жұмсалатыны да, жұмыстың өте ауыр кезі осы шақ. Жеміс ағашының бір түрін өндіру үшін кемі үш жыл уақыт қажет.

Балабек Шөлбаев, Тұқымбақтың агрономы:
Көшет отырғызу жас сәбиді тәрбиелеген секілді қолымен жұмыс істеледі. Ұлап, мына секілді жерге отырғызамыз. Одан кейін шыбық жанынан шыққан жабайыларын сындыру.

Шаруашылықтың жылына 1 миллион түп ағаш көшетін өндіруге шамасы жетеді. Бірақ, сұраныстың аздығынан соның оннан бірін ғана өсіруде. Өйткені осыдан бес жыл бұрын үкімет тұқымбаққа субсидия беруді тоқтатты. Жергілікті көшеттердің бағасы қымбат болғандықтан жұрт арзанына жүгіреді.

Танабай Шынтасов, Шаруа қожалығының төрағасы:
Көшетті өндіріп шығаруға конкуренция жасайтын Өзбекстан. Оларда барлық минералды тыңайтқыштар төмен бағада. Қол күші төмен, энергоноситель төмен, солярка төмен. Соның есебінен оларда көшет арзан.

Арзан дүние қай кезде де сапасыз . Шетелден көбіне сорты дүдәмал ағаш көшеттері әкелінеді, дейді ғалымдар. Ең өкініштісі көшет саудасы өзге елдерден өсімдік ауруларын тасымалдауда.

Әбдірахман Наурызов, Бау-бақша ғылыми зерттеу институты Сарыағаш филиалының директоры:
Оның барлығын біртіндеп ауруын тексеріп өткізіп жатқан жоқ. Біртіндеп сорттарын белгілеп беріп жатқан жоқ. Қызу сауда болған кезде аурушаңдық міндетті түрде өтеді. Зиянын қатты тигізіп жатыр.

Ауылшаруашылығы министрілігінің ұйғарымымен субсидияны бүгінгі таңда жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттерін сатып алып, еккен шаруашылықтар ғана пайдаланып келеді. Онда да шығынның жартысы ғана өтеледі.

«Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» базасында жылына 3 млн дана жеміс-жидек дақылдарын вируссыз микроклональды көбейтетін ғылыми зертханасы құрылуда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, жабдықтар орнатылды және зертхананы сертификаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Министрілік осы жаңашылдық көшет өндіру ісіндегі проблемаларды түбегейлі шешеді деп есептейді. Сондай-ақ тұқымбақтардың көшет егетін арнайы техникаларды сатып алған қаржысының 25 пайызын субсидиялау көзделген.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу