Кремль Президент Владимир Путин мамырдың 9-да Украинаға соғыс жариялайды деген мәліметті жоққа шығарды.
Және де Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Ресейде резервтегілерді жаппай армия қатарына шақыру жоспарланып отырған жоқ.
Айта кетсек, Путин Ресейдің Украинадағы әрекеттерін «арнайы әскери операция» деп атағаны белгілі. Тағы бір сөзінде Песков Еуропа одағының Ресей мұнайына эмбарго жариялау ниетін «екі жақты қару» деп сипаттап, одан қарапайым еуропалықтардың да зардап шегетінін ескертті.
Кең ауқымды әскери жаттығу басталды
Ал, Беларусь қарулы күштері сәрсенбіде өздерінің жауынгерлік әзірлігін тексеру үшін кенеттен ауқымды жаттығуларды бастады. Бірақ, елдің қорғаныс министрлігі бұл шараның көрші мемлекеттерге немесе жалпы еуропалық қауымдастыққа қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Киев болса, Беларусь Ресейдің шабуылдарына қосылатын болса, оған дайын екенін хабарлады.
Елге Ресей армиясының кіргеніне 70 күн толды
Ресей әскерінің Украинаға кіргеніне бүгін тура 70 күн толды. Киев экономика мектебінің мәліметі бойынша, ақпанның 24-нен бері инфрақұрылымға 92 миллиард доллар шығын келген.
Бомбалау операциялары мен зымырандық шабуылдардан 33 мың шаршы метр тұрғын үй зақымданып, артиллериялық соққыдан 23 мың шақырым жол бұзылып, 90 мыңға жуық көлік қирады.
Қазір Ресей қарулы күштері Донбасс аймағын алуға әрекеттеніп жатыр. Ал, жергілікті армия олардың 12 шабуылына тойтарыс берген. Осындай шақта Ресей қорғаныс министрлігі енді НАТО елдерінен Украинаға жеткізіліп жатқан қаруды нысанаға алатынын мәлімдеп отыр.
Арыстан Рысбек