Алматыдағы Бостандық ауданының тұрғындары құрылысы жүріп жатқан көп қабатты үйдің сүрілгенін қалайды.
Олардың сөзінше, Есқараев және Құсаинов көшелерінің қиылысында тұрғызылып жатқан 17 қабатты ғимарат іргелес орналасқан үйлер мен мектеп және басқа да әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуға кедергі келтіреді. Аталған аумақ осыдан 10 жыл бұрын бос жатқан. Жоспар бойынша саябақ салынуы керек. Қазір құрылыспен айналысып жатқан компания Розыбакиев көшесіне жалғанатын бір жақты жолды жауып тастаған. Ал нысанның дәл жанында ауданды ыстық сумен қамтамасыз ететін станция орналасқан. Егер жер сілкінісі болса, адам өміріне қауіп төнеді, дейді тұрғындар. Ал, әкімдік жер телімі жекеге заңды түрде берілгенін, құрылысты бел ортасынан тоқтата алмайтындықтарын, бірақ екі жаққа ортақ бір шешім қабылданатынын жеткізді.
Андрей Мендеев, қала тұрғыны:
Экологиялық, санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған. Күні-түні құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Демалыс күндері де дамыл таппайды. Тұрғындардың шырқын бұзды. Өз үйімізде адам ұқсап демалудан қалдық.
Гүлчехра Баратова, қала тұрғыны:
Құрылыс басталғалы Розыбакиев көшесіне шығатын жолды жауып тастады. Енді іргелес орналасқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға бір ғана жолмен кіреміз. Көлік кептелесі пайда болады. Басымызға салмасын ертең бір жағдай бола қалса жәдел жәрдем, өрт сөндіру қызметінің көліктері бері қарай кіре алмайды.
Нұрсұлтан Тілектес