Бүгін Германияда НАТО мен Еуропа одағы елдерінің қорғаныс министрлері бас қосып, Украинаны әрі қарай қаруландыру мәселесін талқылайды. Ресей Батыс елдері мен Украинаны үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бермеуге шақырды. Ал, Донбасста бірнеше қала үшін шайқас жүріп жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Мәскеу НАТО-ны Украинаны қаруландыра отырып, Ресеймен астыртын ұрыс жүргізіп жатыр деп айыптады. Көрші елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың мәлімдеуінше, бұл жағдайдың соңы ядролық қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін. Және де Лавров мемлекеттік телеарнаға берген сұқбатында Батысты үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бермеуге шақырды.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
Шынында да айтарлықтай қауіп бар. Сол қауіп әдейі ушықтырылмағаны маңызды. Мұны қалайтындар аз емес. Қауіп үлкен, оған бейқам қарауға болмайды.
НАТО Украинаны әрі қарай қаруландырмақ
Лавров бұл мәлімдемені АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Германияның әуе базасында 40-тан астам елдің басын қосып, Украинаны қолдау мәселесін талқылайтын шақта жасады. Солтүстікатлантикалық альянс Украина армиясы Донбасс үшін соңғы шайқаста Ресейге тойтарыс берсін деп, Киевті әрі қарай қаруландыруға дайын.
Ллойд Остин, АҚШ Қорғаныс министрі:
«Бүгін Украина жеңіске жету үшін біздің көмегімізге мұқтаж. Оған жәрдеміміз қарулы жанжал аяқталғаннан кейін де қажет болады.
АҚШ-тың Біріккен штабтар қолбасшылығының төрағасы Марк Миллидің сөзінше, Германияда өтетін конференцияның мақсаты - Украина әскерін артиллериямен, ауыр қарумен, ажал дрондарымен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету жолында НАТО-ның іс-әрекеттерін үйлестіру.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба болса, Лавровтың ядролық соғыс жайлы ескертуін байбалам әрі әлсіздік деп есептейді. Және де министр Ресейдің әлемді қорқытатын басқа амалы қалмады деген пікірде.
Донбасстағы жағдайға тоқталсақ, Ресей әскері Креминна қаласын басып алып, Славянск және Краматорскке қарай ілгерілеуге әрекеттеніп жатыр. Сонымен қатар, қазір Изюм қаласының оңтүстігінде үлкен шайқастар жалғасып, Запорожье Ресейдің шабуылынан қорғануға әзірленуге кірісті.
Александр Старух, Запорожье облысы әскери әкімшілігінің басшысы:
«Мұнда жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Жауынгерлеріміздің өмірін сақтайтын және қаланы тиімді қорғауға мүмкіндік беретін бекіністер салып жатырмыз.
Украина президентінің көмекшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, ресейлік күштер Мариупольдегі «Азовсталь» металлургиялық зауытын бомбалауды және атқылауды жалғастырып жатыр. Бұл өнеркәсіп кешенінде Украинаның 2 мыңдай жауынгері мен мың шақты бейбіт тұрғын бекініп, сарбаздар қаруын тастамай отыр.
Арыстан Рысбек